19.06.2022
  90


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Тағы бүгін таусылдым табанымнан...

Тағы бүгін таусылдым табанымнан,
Түк шықпады таудай-ақ талабымнан.
Жоқтығы ғой бармақтай бақтың баста,
Сорым екен көремін тауанымнан.
Құрсын бәрі ішейік, тайынбайық,
Әкетті алыс жағадан уайым-қайық.
Әбубәкір, жыр оқы серпілтіп бір,
Болып жатыр кеудемде ойым майып.
Тұрар дейсің өмірдің несі есімде,
Пәтер тауып тағы, Әбіш, көшесің бе?
Жүрген кезде арманға иек артып,
Қалармыз ба астана көшесінде?
Көр де жырла тәлейдің шырғалаңын,
Айырмасы көп бөлек қыр, қаланың.
Дәптерімді қолға алсам, қаламымды,
Жұбайымның жасына бір маламын.
Еңбегіміз кетпесін, құрдасым, еш!
Жырларымыз жылатып, құмға сіңбес.
Тұғырымыз биіктен қол бұлғар-ау,
Бағамызды алармыз бір ғасыр кеш.





Пікір жазу