Кабак. Шарап...
Шынылар шылдырлаған,
Далаң үйде – көк түтін, ырғын адам.
Дастарханы қайысқан, берекелі,
Бір-ақ күнде байыған тұлдыр ғалам.
Сөз алады әр тұстан білік-бедел,
Артыңды қыс, жайыңды біліп... бөгел.
Спортшылар шетінен, аңдамасаң –
Маңдайыңнан жасайды тіліп төбел.
Омырауы тырсылдап көзге ұратын,
Алма беті сезімді қоздыратын.
Құйымыр жас қыздарың бәрі осында,
Тым көңілді, байқасам, боз-бұла түн.
Жайғасыпты кіл жігіт керіскедей,
Бір-бір ару жанында періштедей.
Дүбінеді барлығы гүр-гүр етіп,
Көңіл қалмас мұндайда өрістемей.
Қақ төрінде чемпион Чебоксаров,
Құшақтайды жап-жас қыз жалап... сарып.
Өліп-өшіп сүйеді, аяр неткен,
Сезімі де сатулы – бәрі ақша анық.
Төгіледі шетелдік әуен басым,
Ындынына пенделер тәуелді, ә-ә шын.
Құшағына бір түссең шайнап жейтін,
Кармэн дерсің сыған қыз, әй, оңбасын.
«Абсолютың» байқатпас таң самалын,
Іштік...
Салдық шетелдің қаншама әнін.
...Жүрген кезде Семейде сейіл құрып,
Бекер, бекер Парижді аңсағаның.