19.06.2022
94
АТЖАБУ
Ақ қозының ақ жүнінен басылған,
Ат жабуды көріп өстім жасымнан.
Ащы терін сан жүйріктің алғанмын,
Сан пырақтың бағы солай ашылған.
Өтті дүлдүл небір керім шұлғитын,
Ұстаушы едім қыл бабында ылғи тың.
Сәйгүлікті қымтаймын деп таң асқан,
Неше мәрте бұзылған-ды түнгі ұйқым.
Осы қызық шақтарымнан жырылып,
Кеттім ұзап, жетеледі бір үміт.
Әкем де өтті дүниеден аумалы,
Бәлкім содан келем жиі сүрініп.
...Жеткем аңсап ауылымның қырқасын,
Қалдым ұстап атжабудың жұрқасын.
Арғы жылы тым құрмаса сиырға,
Жабылушы ед бола қалса бұрқасын.
Өртедің-ау өзегімді бебеу, шын,
Өзің едің ширықтырар жебеушім.
Сағынғанда мұражайдан көремін,
Менің құрақ көңіліме демеусің.