19.06.2022
  103


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Көсілсем деп ем сетердей...

Көсілсем деп ем сетердей,
Иыққа мінді сергелдең.
Сөздерім өлді бекер кей,
Қысымын жұрттың көтермей.
Арыла алмадым шерлерден.
Талабым тас боп тынам ба?
Қай жақтан салам соқпақты?
Кетсем-ау, шырқап шығанға,
Шалдырмай соқыр тұманға.
Дүрсілде, жүрек, соқ қатты.
Таңдарым атты талықсып,
Түздерім жатты танаурап.
Жусанда тұрды налып шық,
Жоғалған сағым – алып шыт.
Қашады менен бәрі аулақ.
Еш жерден таппай барқадар,
Қабағым мұңлы сүлкиген.
Түрім жоқ ойды сарқа алар,
Жүгім көп талмай арқалар.
Іш – кеуек, сыртым күмпиген.





Пікір жазу