Бақта жүрді сары ала иттер середек...
Бақта жүрді сары ала иттер середек,
Жойдасыз-ақ, түр-тұлғасы керемет.
Арланың да қандендей-ақ қасында,
Шүйлеп салсаң аю алар, не керек.
Балпаң-балпаң жүрісінде ызбар бар,
Жүні қалың, бұйым емес мұз-қарлар.
Аузы да үлкен кепердей боп ырсиған,
Тым-ақ сұсты, мысы басып жүзді арбар.
Сан-сапалақ жұрындарды ықтырған
Овчаркің бе?
Мұны көрсе тік тұрған.
Үйелмендей денесі бар,
Барлығын,
Бір «ыр» етіп, емеурінмен ұқтырған.
Қарамайды дәнеңені бұйым ғып,
Қаперіне кірер емес қиындық.
Сал бөкселі, құйрықтары шұбалған,
Қыс ызғары жетпеген-ау биылдық.
Маң-маң басып қос төбетің маңды кеп,
Түбіт жүнін үлпілдетті таңғы леп.
Иесі – орыс, талтаңдайды құр бекер,
Ал, біз болсақ, пана таппай қаңғып ек.
Қос төбеттің бағы зор-ау тегінде,
Тірлік кешу дәл осылай өңінде.
Тек түсімде – жұмақ ғұмыр...
Сол бір сәт,
Ит боп кеткім келіп тұрды менің де.
...Арсалаңдап ойнақ салды сырттандар,
Мәре-сәре ит асырап қыртқандар,
Газеттен де оқып қалдым, бір жәлеп:
Үйіккен-ді...
Кетіп біткен жұрттан да ар.
Ұшыраспас қырдан мына төбеттер,
Адам да жоқ күшік бағып, өбектер,
Он шақты қой сыбағасы – қасқырдың.
Әр ай сайын шамаң жетсе төлеп көр.
Таптырмайды малшыларға маң қасқа,
Септік етер серік керек мал-басқа.
Сары ала иттің бірі болса қолында,
Қыстай баптап көкжалдарға салмас па?
Қасқыры жоқ қалада иттің жоқ мәні,
Бекер босқа жеп жатқандай ботқаны.
Алмаса да борсықты да
Саққұлақ –
Дұрыстау ғой,
Жаман ойдың – тоқтамы.
Ауылдарда жақсы иттер жоқ,
Бәтір-ай,
Балақ жыртар қандендер көп, кәпір-ай.
Ал, қаланың иттері ірі болғанмен,
Адамдары майда-шүйде, япырай.
Жылы жерге қоныстанған қомақты,
Жақтырмайды мансабы жоқ қонақты.
Қазағының қарекеті қынжылтпас,
Астананы әлдекімге тонатты.
Жай-күйі бар, мәселесі шешілген,
Жұмыс жайлы, үйде жатар бесіннен.
Бауырлары бас алаңда қырылды –
Селт етпеді.
Шығар емес есімнен.
Қырылғанның бәрі ауылдан шыққандар.
Бақты аңысын жайбарақат Құтпандар.
Кекірелеп тамақ ішті сол күні,
Сыртқа қарап, болконында бұққандар.
...Аяз қысты, заң да қысты қыжыртып,
Біреу тұрды дәу мұрынын тыжыртып,
Дүбінеді сойылды әскер,
Ал, жастар,
Дүрлігеді жүз ұмтылып, жүз үркіп.
Қазақтары қыр даланың жеңілді,
Қалап алды кейбіреуі өлімді.
Баға берді қазақтары қаланың,
Қоңырайтып, тым жүдетіп көңілді.
Иті мығым қалалықтың өзінен,
Көрші болу қолдан келмес,
Безінем.
Ар-иманы әлі де бар ауылдың,
Биті тамып тұрса-дағы бөзінен.