19.06.2022
  121


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жерге тиіп бауыры көсілгенде...

Жерге тиіп бауыры көсілгенде,
Арынынан танарсың есіңнен де.
Аттың буы – кетерсің айбаттанып,
Жұрттың мысын басасың сесіңмен де.
«Жатып алып» жануар жайқалады,
Жорғасына жаның бір жай табады.
Төрт аяғың тең басар аман тұрса,
Көздің құртын алармыз пай-пай әлі.
Тізгініңді сүзесің ессізденіп,
Аршындайсың, боз жорға, көзсізденіп.
Қаңтар айы, алдыңда қою мұнар.
Көріне сап қалыңға тез сіңбелік.
Шұлғып тастап, ілгері ексімдендің,
Танауыңнан атқиды көкшіл демің.
Емшек таға басады қарш-қарш мұзды.
Тауын шақтың екпіндеп тепсінгеннің.
Қырау шалған жоныңды, алқымыңды,
Түзің – шерлі, ақ боз ат, шалқы мұңлы.
Ақ далада әппақ боп ағызасың.
Алты-ақ аттап өтесің алты қырды.
Әбзелдерің тұрқыңды айбынды еткен,
Көңілімді көтерші әй, бір кепкен.
Айналайын жалыңнан қасиетті,
Жүруші еді сейілмей қайғым көптен.
Құйысқаның күмбезді, шатыралы...
Біздің алда қанша бел жатыр әлі.
Кезеңдерге кідірмей көсілте бер,
Бірін ассақ, бір биік шақырады.
Жолымызда көп еді төбе неткен,
Өмілдірік кеудеңді кереді еппен.
Асау арын апарар «құс жолына»,
Табысармыз сол жақта кереметпен.
Үйрек бас ер күптелген күміспенен,
Ғажап-ақ тым, белгісіз кім істеген?
Үзеңгісі бедерлі, зерленіпті,
Көмкерілген тоқымы пүлішпенен.
Жүген қандай, тамақта шашағы бар,
Тақым жазып ұзаймын баса құмар.
Төрт аяғың тайпалған, күлігім-ай,
Тұяқтарың тынымсыз шашады қар.
Ұрымталда естілсе жанай суыл,
Тұтқиылдан саған сын – қалай шығу.
Одан бетер басарсың...
Жарасымды-ақ,
Шылбырың бар оралған талай сұлу.
...Әлем де әппақ, ат та әппақ, аспан да әппақ,
Жолым әппақ көрінді басқанда аттап.
Ақ боз атқа мінген бір әулиемін,
Шындап қонсаң, бақ-дәулет, аспандап бақ.





Пікір жазу