19.06.2022
  89


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жұлдыздардың арасы мәлім маған...

Жұлдыздардың арасы мәлім маған,
Сол жақтардан көресің тәлімді адам.
Сам жамырай бастайды, мен аттанам,
Қараңғыға сіңемін қалыңдаған.
Жердегілер жейтіндей жасқанамын,
Көрінеді жоқтай-ақ басқада мұң.
Жұлдыздардың арасы адамилау,
Шақырады қол бұлғап аспан-ағын.
Жаным шығып кей сәтте қыстығамын,
Қалт-құлт еткен бүгінде мүшкіл әлім.
Әлдеқашан тозыпты тобақазық,
Таңға жетпей қала ма түстік әнім?
Кәрі қыздай бақ кергіп, бұлданады,
Басқа қонбай тәлімсіп, тұл қалады.
Жұлдыздардың арасы – құт мекенім,
Ашық тұрар қашан да Күн қабағы.
Жан мүдуар – шуаққа тойынбаған,
Түсінбейді жалғанда ойымды адам.
Мен ертерек кетейін, ұстамашы,
Бәлкім сонда, ертерек, мойындалам...





Пікір жазу