19.06.2022
  109


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

ӘУЛИЕ

«Сексентауды» жайлаған,
Бастан бағы таймаған.
Тұрыпты бір қария,
Тұрмысты өзі жайлаған.
Айтатұғын жыр да ептеп,
Сыйлады елі құрметтеп.
Наурыз келсе шашатын,
Жинағанын тірнектеп.
Жаңылмайтын дәстүрден,
Дайындатқан ас бірден.
«Көпкөжеге» сол күні,
Ит те тойған аш жүрген.
Қазанда асы артылған,
Кездері жоқ сарқылған.
Қалың жұрты айналған,
Жомарт туған мәрт ұлдан.
«Басқа бейнет берейін,
Асып тұрған мерейін, –
Құдіретті тәңірі, –
деді ме екен, – көрейін»
Жетпей бірде көжесі,
Бос қаңсыды көзесі.
Зардабы мол жылдардың,
Жақындаған межесі.
Сипап қойып сақалын,
Кешіп отыр ата мұң.
– Қыртысы мол қу заман,
Қандай бәле тақадың?
Ырысы артқан қазаным,
Басталмақ па азабым?
Аштық буып жұртымды,
Пышырай ма қазағым?
Деген екен шал – абыз,
Шаламыз ғой шаламыз.
Бірақ білдік сөз мәнін,
Бұрлыққанда даламыз.
Дүрбелең кез дүрліккен,
Халық азды шыр біткен.
Игі жақсы-жайсаңдар,
Таппады опа тірліктен.
Ауды алысқа шалғайға,
Тас тиген соң маңдайға.
Табылмады бір тал дән,
Талшық етер таңдайға.
Өлді халық нәр сызбай,
Адам жеді арсыз қай.
Мәйіт жатты шашылып,
Ит жемі боп жар-құзда-ай.
Білмеді ешкім шал қайда?
Көз жұмды ма шалғайда?
Дал боп жүр ме бір жерде,
Жасай алмай шарғы-айла?
Әулие екен таң қалам,
Тірі ме сол шал-бабам?
Аштық келе жатқанын,
Күні бұрын аңдаған.
Әлпетіне заманның,
Мен де мұңмен таңам мін.
Ашаршылық болар ма?
Пейілі өзге адамның.





Пікір жазу