18.06.2022
  101


Автор: Ғафу Қайырбеков

АЛТЫНШЫ ЖЫР

Солайынша Одиссей көргені ылғи сор-бейнет
Жатты батып ұйқыға. Сол уақытта көлбеңдеп
Ұшып жетті Афина Феакияндар ордасы –
Əсем сəнді қалаға – Гиперейлер ертерек
Замандардан орнаған кең өрісті мекендеп.
5. Əрі тағы, бұзақы – циклоптар жұртымен
Көрші еді олар ежелден, жауығудың ғұрпымен
 Жанжалдасып күні өткен, ел еді бір күші өктем.
Ақырында Навсифой, Феакияндар көсемі
Елін алып, кең жайлау Схерияға көшеді.
10. Қала салып сол жерге, қорған соғып жағалай,
Салды зəулім храмдар риза болар бар құдай.
Бөліп берді қонысқа даланың əр пұшпағын
Бірақ өзі бұрыннан, əмір келіп тағдырдан
Аид жерінде тұратын – татып содан тұз-дəмін.
15. Құдай тектес Алкиной онда патша болатын.
Келді Афина Паллада қағып жеңіл қанатын
Сол Алкиной үйіне, Есіл-дерті Одиссей
Ердің қамы баяғы – болсын елін табатын.
Отауына жас қыздың келіп кірді білдірмей
20. Келбетімен ұқсатып құдайлардың қызына
Жатыр еді ұйықтап, жаңа таңдай сызыла
Невсикая періште – Алкинойдың еркесі,
Зевс өзі қолдаған; Есігінің аузында
Екі бірдей қызметші – қыз баланың нəркесі
25. Хариттарға ұқсаған. Ұйықтап жатыр қаперсіз
Есіктерін бекіткен. Жеңіл басып секемсіз
Жетіп келді Афина, патша қыздың үстіне
Теңізші Димант қызы боп, айналып бір мүсінге
Мына қыздың жолдасы болып айна қатесіз.
30. Невсикаяға Афина осы күйде тіл қатты:
«Қамсыз, аңқау қыз етіп анаң сені толғатты,
Невсикая, шамасы! Талғамайсың сəн киім;
Қалды тойың жақындап, ұзатылу бір сəті,
Міндеттісің қамдауға жасауыңның барлығын.
35. Күйеуге ертіп баратын нөкерлерді жасандыр;
Адам сəні киіммен – соны ойыңа алсаң бір.
Ата-анамыз қуанар – көркімізге көз қанып.
 Невсикая оян сен, кір жууға қамдан бір
Барып өзен суына, мен де бірге қозғалып
40. Көмектесем сендерге. Енді тойың ұзамас,
Баяғыдай күнің жоқ, күйеу келмей, қыз бармас.
Жігіттер көп бір саған аламыз деп таласқан.
Небір атақты əулеттен жаратылған өңшең жас,
Сірə, сендей қыз болмас ажары мен бағы асқан.
45. Бар да əкеңе тілек айт – арба берсін өгізбен
Кір киімдер тиейтін – керекке сай дегізген.
Жəне өзің де мінетін көлік керек емес пе?
Жаяу жүргені жараспас сендей патша баланың
Жəне барар су да алыс қорғанынан қаланың».
50. Соны айтты да жалтаң көз асыл қызы Зевстің
Олимпқа, өзінің мекеніне тез ұшты,
Ол Олимпті құдайлар өзі соққан қолынан.
Ол арада жел де жоқ, жауын жаумас жер үстін,
Болмайды онда боран да, бұлт үйірілмес жонынан.
55. Ашық аспан жайнаған, жасыл сəуле айналаң;
Күн өткізген құдайлар – асыр салған, ойнаған.
Патша-қызға кеңес сап кетті Афина сол жаққа.
Алтын тақты таң – Эос қызды оятты сол уақта,
Көрген түсін қызықтап, енді айтуға ойлаған.
60. Əке менен шешеге барды кіріп сабырсыз
Олар жатқан бөлмеге. Отыр екен бəрі үнсіз
Ошақ басын коршалап, күндерімен шешесі.
Жаңа жуған жіптерін кептірісіп кезде осы.
Енді ашылған есіктен əкесі де кездесті.
65. Бара жатқан беті екен билерімен кеңеске.
Невсикая таяп кеп əкесімен тілдесті:
«Сүйікті əкем, əмір ет – əзірлетсін бір арба
 Доңғалағы жеп-жеңіл, кір жууға шығарға
Жуылмаған көптенгі, жуылмаса – дүние ескі.
70. Өзің дағы ойлашы барарыңда кеңеске
Болу керек киімің, болу керек ерекше.
Тəрбиелеп бес ұлды, тап-таза ғып өсірдің,
Кетті үйленіп екеуі, енді үшеуі ержетсе,
Таза болса киімі – тойда абырой емес пе?
75. Соның бəрін осы үйде ойлайтұғын мен ғана», –
Деді қызы, бірақта неке тойға қамдана
Бастап анық айтқан жоқ, ұялады қыз бала.
Айтқызбай-ақ білді əке, сөз сөйледі толғана:
«Қызым, бəрін істеймін, ештеңеге болма алаң,
80. Əмір етем құлдарға, арба берсін үлкен бір,
Сандық берсін жəне де шашылмасқа үйген кір», –
Деді дағы құлдарға əмір етті табанда,
Бұйрықтарын екі етпей, дайын болды арба да.
Өгіздерді тез жекті, əзірленді жіп-кендір.
85. Кірді əкеліп қоймадан, сандықтарға салдырды,
Тиеп бəрін арбаға – жұмысына тап кірді.
Анасы да тынбады тамақ, сусын əзірлеп,
Шарап берді мес толы, тəтті салып əртүрлі.
Мінді арбаға патша-қыз, болсын жолға мəзір деп,
90. Иіс майдан шашты кеп, алтын сауыт ұстатты:
«Сол майменен кірген соң, денеңді ыс қатты!»
Невсикая қолға алды жарқыраған божыны,
Қамшы басты өгізге, жүргіншідей тіс қақты
Кете барды желдіртіп, жүрсе бітер жол құны.
95. Серік қыздар, күндермен ерді қаптап соңынан,
Сағасына өзеннің келіп жетті жолынан.
Шұқыр қазып əр жерден ішін суға толтырды
 Ылайлардан тазартып, құйды мөлдір толқынды.
Өгіздерді ағытты қамытынан соғылған.
100. Жиналсын деп соныға, нəр алсын деп шалғыннан.
Кір заттарды алып кеп нар астауға салдырған,
Сабын суға малынтып, балтырлары жарқырап,
Табанымен таптады, кіл бəсеке, антұрған.
Өлеңдетіп кір шайқап, сосын суын сарқып ап,
105. Теңіз суы шапшыған жағалауға кең байтақ
Жайды апарып қаптатып, енді өздері сайран сап,
Шомылды кеп өзенге. Денелерін жұпарлап
Бір құрғатып алған соң, отырды кеп жағалай
Дастарқанға дайын ас, түскі дəмге қол жалғап.
110. Кеуіп, құрғап жағада кірлер жатты күн жайлап,
Нөкерлерін тойдырып, патша-қызың нұр жайнап,
Доп ойнауға шақырды, бастан шешіп орамал;
Невсикая күміс шаш өзі бастап əн шырқап.
Дəл осылай сауықшыл Артемида аң құмар
115. Найза шыңды Тангет пен Эфимантты тіке жар
Аң атушы ед аралап, бұғы, марал, қабандар
Табушы еді ажалын; Жер тұтқасы – Зевстің
Өңкей қызы перизат – көңілі жоқ алаңдар
Мына қызбен салды ойнақ – күн шуақты алаңда.
120. Латона да сүйсініп қарап тұрды оларға;
Бойы биік бəрінен, ойы биік одан да.
Аса сұлу Олимптің көз жанарын тұндырған
Құдай-қызын ешкім де болмас танып аларға.
Үйлеріне жиылды енді қайтып барарға.
125. Артып жүкті арбаға, сандықтарды тиеді.
Осы кезде Паллада ойлады істің бір ебін,
Болды Одиссейді оятпақ, мынау патша-қызбенен
 Жолықтырып қалуға, Феакияға іздеген
Жіберуге жол сілтеп, көрсетуге қыз елін.
130. Невсикая қыздарға доп лақтырып, ол добы
Тимей бірақ оларға, қаңғып барып бұл жолы
Афинаның қолымен, көк толқынға күмп берді.
Дауысынан қыздардың жағалауды шу көмді.
Оянды сонда Одиссей, тұрды орнынан, тіктелді.
135. Көрген бойда шошынып, тағы өзіне тіл қатты:
«О, сорым-ай! Адасып, жолықтырған қай жақты?
Қай халыққа келгенмін? Болар ма бұл тағы жұрт
Адам тілін білмейтін? Əлде бұлар ар-ұятты
Ел ме екен бір құдайшыл, қайырымды жаны жұп?
140. Жаңа ғана жақыннан қыз дауысы шыққандай.
Əлде мына таулардың исі əдемі жұпардай,
Көк жайлаудың, ырғыған бұлақтардың иесі –
Нимфалардың даусы ма ойын ойнап шыққан жəй?
Əлде ақыры таптым ба адамдарды тиесі,
145. Тіл білетін мекенді? Қай баратын енді мен
Пешенемді сынайтын, буатын да белді мен».
Осыны айтып Одиссей шықты бұта ішінен.
Жас жапырақ жұлып ап, қалыңдау бір жерінен,
Жапты жалаң денесін, қолмен басып үстінен.
150. Шықты сыртқа содан соң, бейне тауды жайлаған
Өркөкірек арыстан жел мен құзға болмаған,
Ол шыққанда жазыққа қой мен өгіз сорлаған.
Ормандағы бұғылар жолын кесіп торлаған,
Не болмаса малшының ұсақ-түйегін қоймаған.
155. Дəл сондай бір Одиссей қолаң шашты қыздарға
Бармақ болды жалаңаш, жазған құлда жүз бар ма
Ұялайын деген сол – амалы жоқ, ойлы еске.
 Сұмдық еді түрі оның, теңіз шөбі кептескен
Үсті-басы алапес, суық еді мұздан да.
160. Қашты қыздар шошынып құзды жарды жағалап,
Алкинойдың қызы тек қалды орнында қарайлап.
Жүрегіне күш берген Афина еді үркітпей.
Тұрды алдында қасқайып, састы Одиссей ой ойлап,
Не істерге білмеді, томағалы бүркіттей.
165. «Құшсам ба екен» деді ол қос тізесін арудың,
Əлде алыстан жалбарып, төгіп жасын, зарын, мұң.
Айтса ма екен, киім мен пана сұрап, жол сұрап?
Ойлап-ойлап соңғысын таңдады ол, топшылап,
(Тізесіне қол тисе – қыз шамданып қалуы).
170. Жылы-жұмсақ сөзбенен патша-қызға тілдесті:
«Құдай-қызсың əлде сен, əлде құдай пендесі,
Жайдым саған қолымды. Зевстің ұлық қызымен,
Артемидамен тек қана сұлулығың теңдесті,
Ажалдының біздердей бірі болсаң, егер сен,
175. Онда сенің ата-анаң жандар екен армансыз,
Туыстарың да бақытты – туғанына мұндай қыз.
Үй ішінің жайнаған көркі болып, гүл шашқан,
Саған қарап мəз болып, мауықтарын бір басқан.
Əлде думан ішінде би билесең тынбастан,
180. Рахатқа батар-ау, бірақ олардан бақытты
Болар жігіт сені алған, абыройы артық-ты.
Жердің бетін басатын екі аяқты пендеде,
Сендей сұлу көрмедім осы жасқа келгенде.
Қарай берем таңырқап, тауысамын дəт тіпті,
185. Аполлонның алтары – қағбасы орнаған
Сонау қала Делоста, бұл дүниеде болмаған
Көріп ем бір пальманы, жап-жас биік сұңғақты,
(Кіргем храм ішіне, қасымда бар көп адам,
Осы азапты жолымда жанға батқан тым қатты).
 190. Сол пальманы көргенде кеткен жүрек тебіреніп,
Ондай жайсаң ағашты тұрған қара жерге өніп.
Дəл сондай-ақ таң қалдым сені дағы мен көріп.
Сонда дағы тізеңді құшақтауға қол батпас,
Мен де байғұс пендемін кешкен азап сенделіп.
195. Жиырма жыл өткенде, кеше ғана құтылдым
Шырмауынан теңіздің: мазағы боп, тұтылдым
Құтырынған дауылдың, Огигийдің аралы
Шыққан жерім – жол басы; Құдіретімен бір жынның
Ұшырадым қырсыққа – көрешегім бар əлі;
200. Құдайлардың, шынында, көрсетпегі көп маған.
Ая мені патша-қыз, жолымда кеп тоқтаған
Бірінші рет жолықтым, мұңымды айтып мен саған.
Сенен басқа бұл жерде емес таныс еш адам;
Берші маған жол сілтеп, қаланы қалай мен табам?
205. Үске киер киім бер болса да ескі шүберек,
Көлігіңнен бұйым бер, маған сəндік не керек.
Тілегіңді ондасын мəңгі өлмейтін құдайлар.
Бақ-дəулеті арылмас, жолықтырсын жұбайға,
Тату-тəтті өмір кеш! Бақытты бол, мұңайма!
210. Үй ішіңнің бірлігін, көрсе дұшпан күйінсін,
Жар-қосақты мадақтап, ақылды дос сүйінсін»,
Алкинойдың еркесі Одиссейге тіл қатты:
«Біліп тұрмын, жолаушым, жан екенсің қымбатты,
Нəсілің де жақсы екен, ақылыңның бары шын.
215. Дий əмірші Олимптен жақсыға да, жаманға
Көңілі келсе болғаны, бақыт берер əмəнда
Талғамастан бірін де; Ол не берсе – құлдық ұр,
Көнбістікпен қабыл ал. Енді басың аманда
Біздің жерге жетіпсің – бұл да жақсы бір ғұмыр.
220. Киім де бар, өзге де сұрағаның табылар,
Жолаушының азапты жайын күтер заңы бар.
 Елміз ғой біз кəдімгі, қаламызды көрсетем.
Адамдарын айтамын, жадыңа сен қағып ал.
Феакия халқы бар – жер иесі – құт мекен.
225. Өзім болсам қайырымды патша Алкиной қызымын.
Феакияндар сыйлайды əміршісін өзінің».
Сол арада патша-қыз серіктер мен күңдерге
Сəл дауыстап сөйледі: «Қайда қашып безіндің,
Адам көрмегендей боп, не боп кеткен сендерге?
230. Бұл қаскүнем кісі емес; Үрейленер жоқ рет;
Бұрында да, қазір де, болашақта болар деп.
Феакияндарға қаскүнем, ойламаймын өз басым.
Сүйер бізді құдайлар, тұрағымыз елден шет
Көк теңіздің тулаған құтты мекен жағасы.
235. Келетін бұл жаққа, қашандағы жан сирек.
Келіп қалған қаңғырып осынау бір жолшы тек.
Зевс өзі жіберген қайыршы мен жүргінші
Бізге жəрдем берсін деп, тілегені болсын деп.
Ас əзірлеп қойыңдар, ең əуелі жуынсын.
240. Аулағырақ ағыстан жер табыңдар ықтасын», –
Деді ол, қыздар содан соң, жақындады нық басып,
Невсикая айтқандай, тауып алып жайлы орын
Отырғызды мəпелеп, қызметінде бəрі оның,
Берді əдемі жамылғыш, əзірледі жұптасып,
245. Алтын сауыт жұпарды қойды əкеліп жанына,
Содан кейін шақырды таза судың маңына.
Шын əдепті Одиссей бірақ одан бас тартты:
«Жақсы қыздар, жан риза, қызметке бастапқы,
Мен өзім-ақ жуынам, оңашарақ қалуға
250. Бір мүмкіндік беріңдер, жұпарды да жағынып,
Рахаттанам, қалыппын жақсы иісті сағынып.
 Көздеріңше сендердің жалаңаштануға ұялам;
О, қолаң шаш арулар!» дегеніне бағынып,
Кетті қыздар аулаққа жібек етек шұбалаң.
255. Тасқын суға Одиссей кірді белден шешініп,
Шылау басқан арқасын, иықтарын езініп.
Жазды ұйысқан шашын да салқын ылғал саулатып,
Иіс майдың шипасын рахаттана сезініп,
Патша-қыздың желеңін киді үстіне жайнатып.
260. Зевс қызы жайсаң қыз – Афина өзі əдейі
Ер тұлғасын зорайтып, көрсетті бір əдемі.
Шашын əсем бұйралап, оған асыл түс беріп,
Дəл осылай шын шебер ақ күмістің беделін
Саф алтынмен көмкеріп, шығаратын күш беріп.
265. Өзінің қиын ісіне Паллада мен Гефестің
Жəрдемі тиіп сонда бір жасаушы еді нұр кескін,
Таңдандырып сан жұртты. Дəл сондай-ақ құдай-қыз
Одиссейді құлпыртты, жағалауда құм кешіп,
Отырды ол ерлігі өрлігімен бірлесіп.
270. Патша қызы таңқалды. Қолаң шашты қыздарға
Қарап сосын сөйледі: «Құлағың сал тыңдарға
Ақ білекті достарым, жолаушыны осынау
Құдай біткеннің бəрі емес қуған айдап бұл маңға
Феакия жеріне – мəнісі бар тосындау.
275. Ол маған бір алғашта жəй адам боп көрінген,
Енді таныс секілді құдайлардың бəрімен.
Жар бұйырса, шіркін-ай, маған да бір осындай,
Осы жерде қалатын мəңгі-бақи менімен!
Дəм беріңдер мейманға. Енді дереу тосылмай», –
280. Деді сонда патша-қыз, құрбылары «ə» деспей,
Дəм мен сусын əкелді, ал кірісіп Одиссей
 Қалған əбден ашығып, алды тойып, шөл басып.
Патша қыздың ойына жақсы пікір кірді ашық:
Салды арбаға жүктерін, құрбылары жинасып.
285. Өгіздерін жектіріп, отырып ап арбаға
Одиссейді шақырып, сөз сөйледі жəй ғана:
«Тұр орныңнан жат кісім, біз барамыз қалаға,
Сен бізбенен ере жүр, əкем үйін көрсетем,
Жақсыларды көресің – оның өзі дос еткен,
Феакиялық сабаздар ие болған бағаға.
290. Бірақ өзің əуелі кеңесімді тыңдап ал;
Бара жатып даламен топырағын құмдаған
Қыздарменен бірге жүр, еріп менің арбама,
Өзім алға түсемін, кіреміз солай қалаға
Қамалының жан-жағын зеңбірекпен қорғаған.
295. Кеме кірер мүйіс бар екі бірдей тұсында.
Тұрар қаптап кемелер көрер көздің ұшында.
Посейдонның храмы тұрған сауда алаң бар
Таспен төсеп тастаған, ондағы кең сарайлар
Ылғи кеме жабдығы – сапарына даярлар.
300. Феакийлық біздерге қажет емес оқ-садақ,
Желкем болса ескекпен көңілді бір тоқ санап
Жүргеніміз бəріміз, кемелермен ғажайып
Теңіз кешсең сайрандап, одан артық жоқ сағат.
Жұрт көзіне түспейін – қыз балаға ол айып.
305. Əлдекімдер өсекшіл, аузы жеңіл елде бар,
Бірге жүрсек екеуміз əзіл-қалжың сөз қылар:
«О, патша-қыз, досың кім тауып алған даладан?
Қайдан келген мынау ер, өзі сұлу, өзі нар?
Күйеу-жігіт болар ма көзге түскен манадан?
310. Əкелді ме жел айдап алыс-қиыр бір жақтан,
(Көршілес ел жоқ еді бұл өлкеде біз жатқан).
 Əлде сенің күні-түн тілегіңмен зарлаған
Құдай болып жүрмесін бізге қарай зырлаған.
Сонау көктегі Олимптен – бақытына қыз қаққан?
315. Артық еді ханшаның күйеу іздеп жат елден
Өзі барып тапқаны, Феакийдей өлкеден
Табылмады бір күйеу – көп болса да нар жігіт», –
Деп айтуы ықтимал көре алмаушы көптеген,
Олай деуі қорлық қой, бостан босқа жазғырып.
320. Өзім болсам қайтер ем? Мен де солай дер едім,
Орындамай ақылын, ата-ананың дегенін.
Ақ некесі қиылмай, ертіп жүрсе еркекті
Сондықтан да алғайсың ақылымды сен менің
(Сонда сенің жолыңа əкем жəрдем бермекті –
325. Тез табуға еліңді): Ылғи қара теректен
Афинаның тоғайы жиегінен жол өткен.
Көк шалғынға сол жерден ерке бұлақ құйылар.
Алкинойдай патшаның сол арада үйі бар,
Алуан мəуе жемісті аса көркем бақ өскен.
330. Алшақтығы қаладан дауыс жетер жердей-ақ,
Сол арада отыр сен, жеткенше ше біз таяп.
Кіргенге ше қалаға, бөлмелерге патшалық
Біздер кірді-ау дегенде, тұр орныңнан бой салып,
Кір қақпаға содан соң сұлу, сыпа қыздай-ақ.
335. Кездескеннен жөн сұра –
Қайда Алкиной патша? – деп.
Үйін оңай танисың – тіл білмейтін жас бала,
Сонда саған жол нұсқар, еш адамда мекен жоқ
Алкинойдың жайындай, салтанаты өткен жоқ,
Еш адамның дəл ондай, сəл именіп жасқана
340. Алға адым басқайсың, өтіп сосын албардан
Толы құрылыс жан-жағы, шапшаң жүріп жалма-жан
 Патша əйелдің залменен бөлмесіне өткейсің.
Отты көріп, жағалай отырған бір көп адам
345. Əсем жіптер иіріп, көресің зер төккенін
Ылғи күмбез сомдаған бағаналар етегін
Қатар-қатар қоршаған күндерінің ішінде
Орындықта оңаша, ішіп шарап ермегін
Көзің сонда түседі отырған бір кісіге.
350. Ол – патшаның дəл өзі. Қасынан сен өтіп кет,
Менің қымбатты анама жалбарын да тілек ет,
Отаныма қайтуға бере көр деп бір көмек.
Егер сенің оныңа құлақ асса ханша,
Онда үміттене бер жуық шақта көрем деп
355. Отаныңды, үйіңді, жақын-туыс жандарды».
Невсикая соны айтып, əсем қамшы қолға алды.
Өтті өгізді шықпыртып, кетті желіп жағадан;
Соңынан ерді – жаяулар, қалмасын деп тым одан
Арттағылар, тізгінді отырды қыз шамадан
360. Асырмастан сəл іркіп. Ұясына күн барды
Жеткен кезде бұлар да тоғайына Паллада.
Қалды Одиссей сол жерде, мұңын айтып жалбарды
Құдіретті Зевстің күн дидарлы қызына:
«Жер тұтқасы Зевстің асыл қызы айбарлы,
365. Бұл сөзіме құлақ сал, бұрын ұққан жоқ едің
Сен зарымды. Теңіздің кешіп шексіз көлемін
Зор қаһарға ұшырап», – деп тұрғанда өлейін
Феакийдің жұртынан ықылас бер, пана бер,
Көңілің болса көрсетер шын жақсылық сен егер!» –
370. Деді сонда жалбарып: Естіді оны Паллада;
Бірақ оның қасына енді келе алмады.
Ағасынан қорықты, қуғындаған əуелде
Одиссейді сол еді, аса басым аруағы
Білсе, ерді жеткізбес отанына алдағы.





Пікір жазу