Туындылар ✍️
БЕСІНШІ ЖЫР
Тұрды Эос тым ерте – таң құдайы төсектен,
Тамаша Тифон тағынан дүние нұрын көрсеткен.
Жиналды өңкей құдайлар мəжіліс – ұлы кеңеске,
Найзағай атқыш Зевсті өздеріне басшы еткен,
Құдіреттісі бəрінің – шыдамас бірі егеске.
5. Одиссейдің азабын Афина айтты оларға,
Еріксіз ұзақ шырмалған Калипса атты аралда,
Айбынды Зевс, біздердің əкеміз əрі əмірші,
Жəне өзге құдайлар, енді осынау заманда
Таққа мінген еш патша əділ емес əманда.
10. Бола алмайды енді олар қайырымды да, момын да,
Мойындамай шындықты жүрегі тұрып орнында.
Заңсыздықты жасасып, адамдарды қысымға ап, –
Ал сендер ше, құдайлар, Одиссейді ойыңда
Ұмытсаңдар шынымен, өзінің патша тұсында.
15. Əділ болған халқына, əкесіндей бəрінің.
Қу аралға тап болып, қырсығымен дауылдың
Кешкені анау азап-сор, Калипсоның патшасы
Құдай-қыздың тұтқыны – жолы оның жабылды,
Серігі жоқ, кеме жоқ – құрыды оның баршасы.
20. Олар болса қасында шығар еді жол тауып,
Таудай толқын ішінен, жартастардан жал тартып.
Енді оның жаулары жас Телемахты өлтірмек,
Жолын тосып баланың қаратасқа қаңтарып,
Барып еді ол Пилосқа əкесінің бір білмек
25. болып содан хабарын. Лакедемон шаһарға»,
Бұлт байлаушы Кроннон келді бір тіл қатарда:
«Қызым, сенің аузыңнан сөз шықты ғой қапылыс.
Сен емес пе ең бір кезде, елдің бəрін қайтарда
Қырады деген Одиссей? Не жөні бар айтарға?
30. Телемахты сен қорға, соқтықтырмай қырсыққа,
Сақтықпенен алып өт. Өзің қарап жүр сыртта.
Оралсын ол аман-сау туған атамекенге;
Жаулары да қайтсын тез қолы бармай сұмдыққа».
Сөйдеді де, қарады Эрмиге ұлан-ұл тұтқа:
35. «Эрмий, қамқор хабаршым, алтын шашты Нимфаға
Құдайлардан сəлем айт, көңіл толы қапаға.
Одиссейдің отанын көрер кезі жетті де;
Кедергісіз ешкімнен шықсын елге сапарға,
Берік мықты сал жасап, жүзсін теңіз бетінде.
40. Өтіп қауіп-қатерден, дəл жиырма күннен соң
Схеридің көк майса жағасын ол көрген жөн.
Құдайлардың туысы – Феакийлер мекені,
Өлмес құдай тұтынып, оған құрмет етеді
Кеме беріп еліне, серік қосып ерлерден
45. Алтын, күміс арттырып, киім-кешек берісер,
Қазына алып қисапсыз, басылады көңіл шер.
Ондай олжа ол, сірə, Троядан тапқан ба,
Алғашында еліне аман-есен қайтқанда?
Тағдыр жазып міне енді туыстармен көрісер», –
50. деді Зевс, содан соң көп тұрмады хабаршың,
Алтын ұлтан аяққа байлап алып, арасын
Аспан, жердің гулетіп, жел қанаты көтеріп,
Толтыратын ұйқыға сергек көздің шарасын.
Сиқыр таяқ қолға алып, таңғы ауада кетті еріп.
55. Өлтірушісі Августин деп жұртқа аты жайылған,
Пиерийге жетіп кешікпей, теңізге бетін қайырған;
Қанатты балықшы кейпінде жүйткіді толқын үстімен
Балықтарды қақшып жеп үңгірден яки айдыннан,
Шығады тұзды сулардан қанатының күшімен.
60. Теңіздің жеңіл құсы боп терең құздан секіріп,
Арман болған аралға алыстағы бет бұрып.
Судан шығып, табаны қатты жерге бекініп,
Жағалаумен қараңғы бір үңгірге тоқтады –
Алтын шашты Нимфаның еді мекен отауы.
65. Көрді оның өзін де. Бүкіл арал тұр екен
Хош иіспен бұрқырап, балқарағай – гүл көркем,
Қасиетті өмір ағашы – жалын лаулап ошақта,
Отыр екен құдай-қыз даусы əсем əндеткен,
Кесте тігіп өрнектеп, алтын оқа зерлеткен.
70. Жан-жағында үңгірдің емен, терек, қарағай,
Рахат сепкен жаныңа кипаристер жағалай;
Бұтақтарға ұя сап, ұзын қанат құстар жүр,
Қарға, үкі, шағала судан жемін ұстап жүр.
Жүзім ағаш шырмауық жеміс толы шарадай.
75. Суы мөлдір судырап қатар аққан төрт бұлақ
Бірін-бірі жеңімен ойнағандай тартқылап.
Жағалауы көк шалғын, дəн егісі балқыған,
Кіріп келсе құдай да – таңырқаған қалпынан
Танбай ұзақ қалғандай – жүрегі аттай шапқылап.
80. Құдайлардың жыршысы – өз жендеті Аргустың
Бұ да танды есінен көріп жұмсақ сəн ішін.
Кірді ақыры үңгірге, бір қараған сəттен-ақ
Құдай-қыздың құдайы қонағын сонда танып қап,
Назарын салды. Тұрағы қанша алыста-ақ
85. Болса да, өлмес құдайлар, танымау əсте бір-бірін
Мүмкін емес нəрсе ғой, Əйтсе дағы əркімнің
Дəл осы үйдің ішінен Одиссейді көрмеді;
Ол сонау құз басында жасын тыймай көздегі
Жылап отырған шағы еді, жалғыз толған жан күйін.
90. Ару Нимфа Эрмиді өз төріне шақырды,
Орындықтар жағалай əшекейлі, алтынды,
Жарқыраған шыраймен ынталана сұрады:
«Айтшы, Эрмий сүйкімді, алтын таяқ ұстаған,
Бұрын-соңды бұл жаққа едің, сірə, ұшпаған.
95. Келдің нендей іспенен, келдің нендей тілекпен?
Қолдан келсе атқарып, қабылдайын жүрекпен.
Ең алдымен бірақ та дəм-тағамды қабыл ал», –
Сөйдеді де құдай-қыз стол жайды ниетпен,
Шарап қойды ал қызыл аса тəтті нəрі бар.
100. Алды əртүрлі тағамнан қайырымды хабаршы –
Ажалшысы Аргустың – құдайлардың дəм-асы
Жақты оның көңіліне, содан кейін тіл қатты
Алтын шашты аруға: «О, құдай-қыз, сымбатты,
Сұрадың ба сен менен бар деп қандай шаруасы?
105. Жасырмастан айтайын шаруамды мен саған,
Өз еркіммен келгем жоқ, Зевс мені жұмсаған.
Шетсіз-шексіз теңізді кімдер құмар өлшеуге
Адамы жоқ келер ме қу далаға қаңсыған.
Біз құрбан берерге қолындағы дəм-судан?
110. Айтқандарын алайда құдіретті Зевстің
Қайтаратын құдайлар арасында жоқ ешкім.
Сол Диюге əйгілі, сен жасырған бір ер бар
Соры қалың, алайда еңбек еткен ел үшін,
Тоғыз жылдай соғысып, көрсеткен ол зор айбар.
115. Прнам шабар түбінде; алып болып қаланы
Оныншы жыл дегенде, елге қайту талабы
Ойында еді, амал не, Афинаны ренжітті.
Жолына оның құдай-қыз дауыл-толқын жөңкітті.
Серіктерден айырылып, болмай жасар амалы,
120. Жалғыз қалған жайсаңды осында əкеп қамады.
Енді саған жолдаған құдайлардың талабы –
Соны кері қайтару бөгеусіз де тоқтаусыз.
Мүмкін емес қалуы – себебі оның отансыз;
Көру керек ошағын, əйел, бала-шағасын.
125. Тағдыр солай жазылған», – деді сонда елшіңіз.
Құдай-қызы, Калипса, сөзге келді ең тығыз,
Даусы қатты саңқылдап қанатты бір леппенен:
«О, қатыгез құдайлар, қызғанышы кетпеген,
Біз ұрғашы құдайлар іс жасасақ ептеген
130. Өлген ерді құшақтап, оны күйеу тұтынсақ –
Соны дағы қызғанып, шабасыңдар қиқу сап.
Таң иесі – Эос та дəл осылай орныңды
Таңдап еді бір кезде, оны да сендер қуғыштап
Артемиданың оғына Ортигиде болды тап.
135. Қолаң шашты Деметра Яснонды таңдаған,
Ақ жүрекпен аялап, көк далаға аунаған,
Зевс құдай соны естіп, көзін құртты оның да.
Енді бүгін маған да өштерің бар арнаған
Құтыл кеме тақтаның, дауылдың еріп соңына.
140. Түпсіз қара тереңге батар болған кезінде,
Құтқарғаным – жазығым. Зевстің ыза көзінде.
Найзағай атып қиратқан оның ғажап кемесін
Мен сыйладым мəңгілік бөлеп жастық сезімге
Бақтым-қақтым мəпелеп, нұрмен жауып денесін.
145. Əміршісі əлемнің – Зевстің бірақ кесімін,
Екі ететін болмайды құдайлардан ешбірің.
Егер солай десе ол – шын тілесе Кроннон
Аямайтын қатыгез теңізді тағы кешуін
Жəрдем етем дей алман ол байғұсқа бұдан соң.
150. Кеме де жоқ, адам жоқ теңіз ісін білетін,
Жал-жал толқын үстімен адаспастан жүретін.
Ақыл-айла қосармын – бар қолымнан келері
Қайтсын атамекенге, рұқсатымды берейін», –
Деген сəтте сөз алды тауып елші ретін:
155. «Зевс сөзін тыңда да, дереу оны аттандыр,
Əйтпесе, тағы көресің құдайлардан қаһар бір»
Соны айтты да жөнелді өлместердің елшісі.
Одиссейге беттеді нұрлы Нимфа-елшісі
Хабаршы да естіген Зевс сөзін ең тəуір.
160. Жағалаудағы жартаста отыр еді ол жалғыз,
Көзінде жасы сорғалап кескініне салған із.
Сағыныштан сарғайып, тамшыдай күні азайып.
Құдай-қыздан жерінген, бірге түнеп амалсыз
Қараңғы мына үңгірде құшақ ашып, қол жайып.
165. Күндіз қонып жартасқа, көзін сүзіп алысқа
Күрсініспен күні өткен, жүрегі дерт, жан құса.
Құдіретті Нимфа-ару келді жақын қасына:
«Көзіңді сүрт, сор бейбақ, тəтті өмірде сен, сірə,
Қасіретке қор қылып, қайғыменен тауыспа.
170. Босатамын мен сені. Жуан-жуан бөрене
Жез балтамен кесіп ал. Керек салға – кемеге,
Кендірменен нық шандып, қанаттарын қабыстыр.
Болсын əбден қауіпсіз, түссе қара тереңге
Нан, тұз, су мен шарапты мен өзіме табыс қыл.
175. Жабдықтаймын бəрін де. Көрмей жолда кемтарлық,
Күн кешуге лайық. Киім-кешек, бар жабдық
Жеткілікті беремін отаныңа сау-аман
Оралуға жарайтын. Құдайлардың қалаған
Тілегі болсын. Олармен теңдесуге жараман».
180. Солай деді ол. Одиссей ылғи соры қамаған
Мына сөзді есітіп, тұрғанында жаны аман,
Дүр сілкінді сонда бір. Сонда даусын көтеріп,
Сөз сөйледі аруға көңілімен самғаған:
«Қамың емес ару қыз кетерімді ойлаған,
185. Басқа ойың бар секілді. Қалайша мен салменен
Кешем асау теңізді? Кеменің өзі жан дəрмен
Жеңеді қара тереңді, Зевс берген жəрдеммен.
Жоқ, құдай-қыз, ешқашан шықпан мына сапарға,
Ант етпесең, енді мен баспаймын деп қаһарға!»
190. Құдай-қыздардың құдайы – Калипсо ару жымиды
Естігенде бұл сөзді: «Айтсам саған шынымды,
Қу екенсің сен де бір, ақылың, ойы өте сақ.
Айттың бірақ бекер сөз – əдетіңмен бұрынғы.
Ант етемін мен саған – жемісі мол жерді атап,
195. Аспанды атап кең байтақ, терең теңіз, суды атап,
Құдайлардың өзі де мұндай антқа тұрмас-ақ.
Еш қастандық қылмасқа, ойламасқа жамандық.
Басыма егер менің де сендей күндер туған шақ
Өзім солай жасар ем, тіршілікті арман ғып.
200. Маған да қымбат сол шындық; Мен де темір емеспін,
Менде дағы жүрек бар, ешкімнен кем сүймеспін», –
Деді дағы құдай-қыз, алға түсіп жөнелді.
Соңына ерді Одиссей, тым асығыс ол енді.
(Өлмес жан мен өлешек – екеуі де теңесті).
205. Келді терең үңгірге ішіне сəн толтырған,
Орындыққа жайғасты мана Эрмий отырған.
Ару Нимфа Калипсо əзірлетті дəм-сусын
Адамдардың кəдімгі таңсық асын татырған,
Өзі отырды қарсыға осылардың артынан.
210. Күңдер шарап тасыды жұпар исі аңқыған,
Астабаққа қол созды, отырысты татып дəм.
Болғаннан соң ішіп-жеп, алғаннан соң қанағат,
Сөз сөйледі Калипсо Одиссейге қарап ап.
«О, Лаэртид, Одиссей, əрі ақылды, батыр жан
215. Талап қылдың қайтуға енді атамекенге,
Кешір, мынау соңыңа мені тастап кетерге,
Егер сенің жүрегің қашан үйге жеткенше
Анық сезер болса ғой – бейнет, азап көп кеше
Шаршарыңды сен сұмдық, шыққаныңды бекерге.
220. Қалмассың ба онан да мынау тыныш жəйда бір,
Айналар ең біздердей сен де өлмес жанға бір.
Жүрегіңмен төзгісіз жар сағынған жайың бар,
Көрді көзім қалпыңды – шегудесің қайғы, зар.
Бірақ сенің жарыңнан кем емеспін, ойлай жүр
225. Не көркіммен, сəніммен, не денеммен бұралған,
Құдай-қыздармен, шынында, жерде өлуге жаралған
Жер сұлу тең бе екен, озбақ па екен ажардан?»
Зор ақылды Одиссей білдірді оған қарсылық
«Қалма Нимфа, қапа боп, ызаланып, ашынып.
230. Мен де білем, əрине, Пенелопа көргенді,
Қанша сұлу болса да, адам ғой ол жердегі.
Мəңгі-бақи көрікті сұлулармен көктегі
Не ажармен, мүшемен қиын ғой тең келмегі.
Алайда мен күндіз-түн мүлдем мазам жоқ, тегі;
235. Армандаймын ерте-кеш бір көрсем деп үйімді,
Қауышудың аман-сау қуанышы тиімді.
Рахаттап өзге бір құдайлардың дер ем мен,
Көмектессе біреуі мұздай қара тереңнен
Шығуыма есен-сау – соны бақыт көрер ем.
240. Не қиынды кешкен мен, тіреп мынау кеудеммен.
Теңізде де, соғыста күшімменен меңгерген,
Өз бағымды сынармын тағы алдағы күндерден», –
Деп бітірді ол, бұл шақта ұясына күн батып
Айналаны күңгірттеп, шұбатылды түн келген.
245. Кетті сіңіп екеуі терең үңгір қойнына,
Түні бойы елікті махаббаттың ойынына
Оңашада сүйісіп, омыраулары түйісіп.
Бір кездері болғанда алтын айдар аң туды.
Тұрды орнынан Одиссей, киім киіп сан түрлі –
250. Ауадай жеңіл желең сап, саф күмісті жалатқан
Киді иыққа құдай-қыз, алтын белбеу қынатқан.
Аш беліне буынды түсірді бет-пердесін.
Дайындады жолға бір Одиссейдей пендесін.
Берді оған жез балта қолға шақтап ұнатқан.
255. Екі бірдей жүзі бар алмаспенен суарған,
Сабы сəнді жеп-жеңіл, əшекейлеп шығарған.
Өткір қашау от ауыз жəне беріп қолына.
Одиссеймен содан соң түсті аралдың жолына,
Қара терек, үйеңкі – кірді ағаштың молына.
260. Көк тіреген қарағай қатып піскен ыстыққа
Жүзуіне жеп-жеңіл. Тоғаны бар ту сыртта
Соны оған көрсетіп, құдай-қызы Калипсо
Үңгіріне өзінің кірді үйіне барып сол.
Ал Одиссей ағашты кесіп болды бұл шақта;
265. Кесті жиырма бөрене, оны жонып ағартты.
Ішін үңгіп қашаумен, тегістеді, тазартты.
Сол мезетте Калипсо ұңғыш алып ол жетті.
Ұңғып, қаузап, қуыстап, астау жасап қажетті
Бұрандалы болттармен басын қосып тастатты.
270. Қайық-салдың табанын жайпақ етіп жасатты
Кəдімгі кеме шебері əдісіне ұқсатты.
Саудагерлер дүниесін артып алып жүретін
Мынау жайқын теңізде толқыныңда күш қатты
Емен ағаш сырықпен ернеулерін ұстатты.
275. Емен тақтай төсетті палубаның өзіне
Мачта-діңгек орнатып, кіргізіп оның көзіне,
Көлденең сайғақ тастады, бекітіп алғы тұмсыққа
Кемені бұрып тұратын, теңізден болар қырсыққа.
Кедергі-пана болсын деп, жас шыбықтың тезімен.
280. Жағалай салды қоршады, ауырлық-салмақ ретінде
Əртүрлі затты тастады кеменің түпкі шетіне.
Бір мезетте Калипсо берік желкен əкелді
Толып жатқан бау-шумен кендір артқан келтіре
285. Байлап желкен беркітті. Неше бапты құралды
Қозғалысқа келтіріп, теңізге бет бұрады.
Төртінші күн болғанда аяқтады жұмысты,
Бесінші күн дегенде жол қамына кірісті.
Құдай қызы Калипсо əтір сумен жуады
290. Одиссейдің денесін, моншаға əкеп түсіріп.
Судан киім кигізіп, балдай сусын ішіріп
Калипсо-Нимфа кеме əкелді төрт үш қаптың –
Біреуі – мес, түп-түгел толы шарап, ішкілік.
295. Біреуінде бұлақ су, біреуінде толы – нан.
Тағы тəтті жеміс бар аямаған жолынан.
Бəрін салып болған соң, шақырды жел оңынан
Қуанышты Одиссей бұрды соған желкенін,
Ал жүзуді бастады күш таймаған қолынан.
300. Еркін билеп рульді, басты сергек қимылға,
Тығылмауға көзге ұйқы аласапыран қиында
Жанталасты ол. Плеяд, одан кейін Вооттың
Жұлдыздары туғаннан көзін ілмей, қиырда
Жеті қарақшыны көрді ол арасында көп оттың.
305. Күйме-жұлдыз аты бар, шыр көбелек айналған
Мəңгі-бақи айрылмас үлкен жұлдыз Орионнан,
Еш уақытта мұхиттың суына түсіп көрмеген,
Сол жұлдызға құдай-қыз сəйкестеуге бұйырған
Өзінің жолын Одиссей көк теңізде көлбеген.
310. Əрқашанда ол жұлдыз сол жағыңда тұрсын деп,
Он жеті күн жол жүрді ер жүрегі дүрсілдеп.
Он сегізінші дегенде, өр толқынның үстінен
Феакия жерінің көрінді көзге біртіндеп
Тас қиялы таулары көк мұнардың ішінен.
315. Сөйткенінше болмады, жер қозғаушы Посейдон
Эфиопия өлкесін тастап шығып кесел жон,
Биігінен Солимнің көрді Одиссей қарасын:
Таныды оны қатесіз, ал бұрқанды содан соң
Шайқап-шайқап жіберіп күрең бұйра ол басын.
320. Қаһарлана сөйледі: «О, өлермен, жан қайсар!
Мен Эфиопияда жүргенде өзге құдай қалайша
Келіскен де тойлаған, көмектесуге ойлаған
Сапарына Одиссей? Феакияға барғанша
Барлық азап бітеді деп олар да болжаған;
325. Үлгірермін мен бірақ, тартар сазай оңбаған!»
Сөйдеді де ол қаптатты қара бұлтты аунаған,
Айырымен үш тармақ суды келіп сапырды.
Қара дауыл тұрғызды, жел шақырды сарнаған,
Су мен жерді қарайтып, кетті əкеліп батырды.
330. Эвр, Зефир, Нот бəрі, Эфирден туған Борей де
Жабылып келіп теңізді айналдырды үрейге.
Зəресі ұшты Одиссей, қалтырап барлық денесі
Жүрегімен сөйлесті – серігі жоқ бір емге:
«Сорлап қалдым! Мен көктен бар екен ғой көресім!
335. Басқа түсті, сездім мен құдай-қыздың болжамын.
Сен еліңе жеткенше көрер азап мол, жаным,
Деп еді ғой, келді сол бəрі менің басыма.
Зевс көкті торлады, бұлт үйіріп долданып,
Қаһарланып, шақырып қарсы желді қасыма.
340. Енді ажалым келгені. О, үш рет, жүз рет
Бақыттысың Данайлар! Трояда өзі кеп
Ажал тапқан сендерді Атридтарға жағынып.
Өлсем сонда мен дағы абыроймен кезім кеп,
Тағдырымды қарсы алып, барлық семсер жабылып.
345. Қадалғанда денеме, өліп қалған Пелидтің
Отырғанда үстінде; жаназамды беріп бір,
Келісер ед құрметтеп, риза болып ахейлер,
Енді міне даңқсыз, құнсыз ажал келіп тұр».
Сол мезетте бір толқын өршеленген дөкей-өр
350. Кеудесімен басты кеп, басына соғып шашылды.
Қайғы қатты үйірілді; жаңағы толқын ашулы
Жұлып алған бойымен қайықтан суға лақтырды.
Қалды айырылып рульден, діңгегі де шарт сынды.
Қарсы келген екі жел соқтығысып, шақ тынды.
355. Босатпады тұңғиық, тереңде ұзақ алысты,
Су бетіне шыға алмай, дене қысып жабысты.
Калипсоның кетерде сыйға берген көйлегі
Шықты-ау үске ақыры, əрең билеп ағысты
Жұтқан суы аузынан ақтарылып, өрледі.
360. Сақалынан сорғалап, бұйра шашын тұз қаптап
Жанталасып жүргенде мұздай суда ызғақтап
Есіне түсті қайғы, алысқа кеткен сырғақтап,
Қуып берді соңынан, қуып жетіп жабысты,
Мінді үстіне асылып, əйтпесе ол шым батпақ
365. Тағы теңіз түбіне, ерсіл-қарсыл қайықты
Лақтырады тау-толқын. Борей желі қауіпті.
Кең даламен жүргендей домалатып дөңбекті
Қайық солай желменен тағы аунады, тағы ықты.
Борейге Нот дем беріп, одан Зефир ермекті
370. Жалғастырған секілді – өршеленді жел біткен.
Ерке қызы Қадмның-Левкотея бойжеткен,
Əуелінде ол дағы өлмекші пəнде болатын,
Сəлемші Ино атанған, құдайлыққа қол жеткен,
Қалған мəңгі теңізде өзгерткен де ол атын.
375. Одиссейді аяды қатал дауыл айдаған,
Жеңіл қанат періште сүңгіп шықты жалма-жан,
Ырғып мінді қайыққа əлі берік шегені:
«О, бақытсыз, бейбағым, жер толқытқан Посейдон
Неге саған өшікті? Болмады ма дегені?
380. Əйтсе дағы ол сені құрта алмайды, қаншама
Тырысса да өңмеңдеп. Өзіңе сен, шаршама.
(Ақылың бар секілді); Сыпыр барлық киімді
Қайығыңды желге бер, қанша қимас болса да,
Сосын қарғы толқынға, жалда терең иірімді.
385. Жалдап қолмен жет жүзіп Беакия жеріне.
Құтыласың сонда сен, желмен жабам, жеңіне
Сиқыр моншақ тағылған, соны ки де кеудеңе,
Қорықпа да қамықпа батамын деп тереңге,
Судағы бұл сапарды аяқтадым дегенде.
390. Сыпыр дағы шапанды лақтыр теңіз өріне,
Қара жерден алысқа. Жөнел сосын жөніңе».
Сөйдеді де құдай-қыз берді шешіп желегін.
Шулап жатқан теңіздің бетке алып тереңін
Ғайып болып жөнелді, қайтты өзінің еліне.
395. Құдай құлық Одиссей ойға кетіп сонда бір
Жүрегіне толғанып, етті сонда сəл күбір:
«О, қасірет! Құдай-қыз нендей сұмдық ойлады,
Менің басым жұтатын іздеді не айланы?
Қайығыңды таста деп айтқаны оның не сиқыр?
400. Жоқ, ол тілін ала алман, байқап тұрмын сонадан,
Қолмен жалдап өтуге əлі алыспын жағадан.
Күтем əдейі ақырын, қайық берік тұрғанда
Қабырғасын көк толқын қайта-қайта ұрғанда
Сынар, бəлкім, ол дағы, асып кетіп шамадан.
405. Сонда ғана түсермін, сонда жүзіп кетермін,
Одан басқа мен қазір айла тауып кетермін», –
Деп тұрғанда дал болып, ақыл, жүрек қобалжып,
Жер теңселткіш Посейдон тау толқынды қопарып,
Жамырата соқты кеп, көкесіндей кеселдің.
410. Құйын-дауыл көтерген шөп-шаламдай үйінді
Сатыр-сұтыр кеменің жел баулары қиылды.
Бөренесі быт-шыт боп, қалған содан бір тақтай
Ұстап алып Одиссей патша мініп үйірді
Сол арада шешіп ол Калипсо берген киімді.
415. Алжапқышпен сиқырлы жапты сосын кеудесін.
Керіп, жайып құлашын, жүзуге ерік бергесін.
Күмп берді ол толқынға. Посейдон мұны көргесін
Айқай салды артынан, басын шайқап, сөйледі:
«Ал жүзе бер еркіңде, мынау сапар – ерге сын.
420. Қатал құдірет – Зевстің қарауындағы адамдар
Сені сыйлы құрметпен күнге шейін қабылдар,
Жолың болсын. Маған да өкпең болмас айтатын», –
Деді де ол, зымыратты ұзын жалды аттарын,
Эгиясына сонау бір ылғи сарай сары алтын.
425. Қайырымды Паллада ойға кетті жақсы бір:
Жолын бөгеп көп желдің желіктерін басты бір.
Лұқсат етті тек қана құтырынған Борейге.
Тұншықтырды толқынды, Феокия жеріне
Жету үшін Одиссей, ұшыратпай үрейге –
430. Өлім менен қауіпке. Жүзе берді ол енді
Екі күн, солай екі түн толқындарға бөленді.
Талай рет ажалдың қаупі төніп басына,
Үшінші күн болғанда, оттай жайнап көлемі
Эос көкке шыққанда, қалды дауыл басыла.
435. Жел тыншыды теңізде, сəулеленіп бар маңай,
Қарады да алдына – жерді көрді жағалай.
Əкесінің ажалдан құтылғанын көргенде,
Жаман дерттен айығып, қуанатын баладай
Одиссей де қуанды – құдайлар келіп жəрдемге.
440. Көріп жаға, орманды жанталасып малтыды.
Жерге аяғым тисе деп құлаштады, шарқ ұрды.
Бірақ əлі құрлығың дауыс жетер жер еді.
Арасынан жартастың жəне белдеу тартылды –
Шулады-ай кеп, ұлыды – асты толқын қарқыны.
445. Биік тасқа қарғыды жүгіріп кеп толқындар,
Тұзды көбік, су жұтып, Одиссейің алдында ол.
Не тегіс бір қолтық жоқ, бұғазы жоқ шығатын
Шаншылған кіл жартастар – төрт терең тіке жар.
Зəресі ұшып Одиссей, жүрегіне айтты зар:
450. «О, қасірет! Зевстің несі бұлай айдаған,
Қараң қалған бір жерге? Əлде қастық ойлаған?
Қияметін теңіздің сонша бастан кешкенде
Осы ма еді көрерім? Сыбағам ба сайлаған?
Еш шығатын жері жоқ, кілең тайғақ-тас кеуде.
455. Ұстауына жоқ тұлдыр, биік-биік қабырға,
Етегінде көк теңіз тулап жатқан тағы да.
Біреуінде болсайшы аяқ тірер тиянақ
Сəл тоқтасам аялдап жəне толқын қағып ап
Əкетеді теңізге – қайран жанға қиянат.
460. Тасқа соғып немесе денем бүкіл қирамақ,
Тағы жүзіп ілгері қолайлы жер қарамақ.
Болсам егер, сонда да толқын мені ұрлап ап
Тапсырады теңізге, яки жаулық ойлаған
Амфитрита диюы жан-жағымнан жұлмалап.
465. Тартар теңіз түбіне, балықтарға жем етіп,
Кеткенінде білемін Посейдонның кегі өтті».
Жүрегімен, миымен ол толғанып тұрғанда,
Лақтырды оны жартасқа асау толқын кеп жетіп,
Денесінде сүйектің күл-талқаны шығар ма?
470. Егер құдай-Афина қолын оның жалма-жан
Іліктірмесе бір тасқа, салбырап тұрып сол жардан
Қарады тағы толқынға жанап өткен жанынан.
Қайтарында бірақ ол оны ұшырып түсірді,
Берді қайта теңізге аласұрып жынданған.
475. Тасқа шыққан бұтақты түбірімен қопарсаң,
Ұсақ тастар қиыршық домалайды тым шапшаң.
Дəл сондай жыртылған қолдарының терісі
Əрең-əрең ілініп, тасқа келіп жабысқан.
Тағы да айдап теңізге толқындардың тебісі.
480. Құрыр ма еді Одиссей егер оның құдай-қыз
Жүрегіне бір жігер бітірмесе күш нағыз.
Бүйірлеп шығып толқыннан, алға қарай ұмтылған,
Көзімен тінтіп қолайлы жер табуға құлшынған
Күніменен тағы да жағалады амалсыз.
485. Кенет суы мөп-мөлдір көрді алдынан өзенді.
Осы деп ол ойлады бір оңтайлы кезеңді
Ол жерде жоқ найза тас, желден жəне ықтасын.
Құдайына өзеннің жалбарынды тез енді.
«Кім болсаң да, құдіреттім, енді мені сақтарсың.
490. Посейдонның қаһарлы теңізінен алып шық.
Мəңгі өлмес құдайлар əдеттенген болысып.
Жолаушыға қашанда кім болса да – бəрібір
Мына мендей күн кешкен қасіретпен алысып.
Сен де маған, дүнием, қол ұшың бер тағы бір».
495. Жалбарынды солайша. Сонда құдай өзеннің
Ағыстарын жуасытып, толқындарын тежеді.
Одиссейге жол ашты осынау бір тұмсықтан
Бірақ оны аяғы талып біткен кез еді,
Жүрегі де шаршаған көрген талай қырсықтан.
500. Ісіп кеткен денесі, атып ауыз, мұрнынан
Ащы судың көбігін, сонда талып жығылған.
Қара жердің төсіне, мүлде танып есінен
Біраз уақыт болғанда, ақыл есі жиылған,
Құдай-қыздың абуын енді үстінен шешінген
505. Сəт еді ол. Лақтырды оны өзеннің суына
Ол қосылып жөнелді иірімнің шуына.
Қайтып алды құдай-қыз. Содан кейін Одиссей
Судан шығып, қамыстың жасырынды ығына
Қайран жердің жығылды топырағын иіскей.
510. Жүрегіне тағы да қайғыланып тіл қатты:
«О, қасірет! Көк аспан тағы қандай сынақты
Төндіресің басыма? Ұйықтап қалсам мына сыз
Жағалауда түн бойы, ылғи тұман тұрақты,
Таңғы шықта киімсіз жəне жылы панасыз.
515. Өліп кету мүмкін ғой, судан соққан өкпек жел.
Шықсам сонау төбеге, онда орман көкпеңбек
Арасына тығылсам, түнгі салқын ұрмас ед,
Ұйықтап тыныш алар ем, соған барып жетсем тек,
Бірақ онда жыртқыш аң мені аяп тұрмас ед».
520. Ол солайша толғанды; қолайлады соңғысын,
Көк орманға беттеді, бір шыбындай жан үшін
Бұтақтары айқасқан екі ағаштың түбіне,
Келіп тұрды дем алып, бірі берген жемісін,
Біреуі бұл қу ағаш – қарап тұрса түріне.
525. Бұл арада жел де жоқ, жəйлі орын ық екен.
Жаңбыр жауса оты енді – күннен жəне көлеңкең.
Паналады Одиссей жапырақ төсеп астына
Мамық төсек секілді қураған шөп бір өңкей.
Мекендеуге болатын қыс түссе де осында.
530. Кірді ішіне Одиссей қуанғаннан күмп беріп,
Елсізде бір екінші жанған отын жылт беріп.
Қоламта ғып осылай сақтау үшін көметін.
Дəл сондай-ақ Одиссей қуанғаннан бүктеліп
Жата кетіп жылынды, қызығы бар көретін.
535. Жылынған соң бой енді, құдай-қызы Афина
Жапты оның кірпігін, тəтті ұйқыға тартты да.
Алу үшін күш жинап, ұйықтап кетті Одиссей
Əлсіреген денесі жан рахатын тапты да.