17.06.2022
  121


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ЖАҢА ЖЫЛ

Таудан күнмен бірге еңкейіп көкжалың,
Жұлдыз жана жарау атша жортады.
Көздерінде шоғы жанып олжаның,
«Дүбірлі өңір қайдасың?» деп тартады.
Шулатты ма ауыл итін аңдыған,
Қаусырды ма саяқтарды қаңғыған.
Бір жортудың соңғы шағы таяды –
Жұлдыз сөнді –
Көкжиекте таң қылаң.
Кім біледі,
Нені басып бүктеді,
Өтелді ме салымынан күткен.
Мақсатына жетпесе де, жетсе де,
Анық еді бір жорықтың біткені.
Мені көкжал табындырмас тісімен,
Табындырмас дойыр мойын күшімен.
Табындырар сар желіспен
жортудан
Қайтқандағы жалғыз нəзік ісімен.
Жыл біткенде ақын көңілім – сыршылым,
Елестетер бөрінің сол бір сырын.
Əр кезеңнен асқан сайын ізіне
Бір қайырылар көкке білеп тұмсығын.
Ал, көңілім, тасыма сен, асқынба,
Бір асау тұр табаныңның астында.
Бөріге ұқсап өзің қара ізіңе
Өзің сана жаның түссін хас сынға.
Басар жерде азуыңды бастың ба,
Шашар жерде қаһарыңды шаштың ба?
Жабам деген дарбазаңды жаптың ба,
Ашам деген, терезеңді аштың ба?
Топты жарып көсілдің бе айтыста,
Аусай түсіп өкіндің бе, қай тұста?
Байқала ма
Опық, үрей, сүйініш
Басқан ізге қараған көз байқұста.
Жол үстінде бөрінің де жүрегі
Елеңдетер арт жағына қаратып,
Кім біледі жылпың жігіт қуды ма?
Арғымағы жердің шаңын боратып,
Кім біледі бермеді ме үйірін,
Шырқ үйірілген бурыл айғыр таласып.
Аз тұрды да елеңдеген көкбөрі
Желіп кетті, көкмойнақтан ары асып.
Тау төсінде таңғы мұнар орнады
Жер шетінен келе жатты таң атып.
Ал, адамдар,
Жаңа бір жыл басталды.
Өткен шақтың олжаларын санатып
Келер күнге мол үмітпен қаратып,
Жер шетінен келе жатты таң атып.





Пікір жазу