17.06.2022
  95


Автор: Алмас Ахметбекұлы

НЫЛҚЫҒА

Жарасатын құрметпенен ұлтыма,
Сəлем, сəлем,
Құлыстайдан Нылқыға.
Сəлем берем еңіреген ел үшін,
Асылхан мен Мамырбектің жұртына.
Қуат беріп бойымдағы ұлтыма,
Қас өзенім ағып жатқан бұлқына.
Сəлем берем мың мəртебе иіліп
Ақпарым мен Сейітімнің рухына.
Сəлем саған,
Тауларымның өзегі,
Батырымның жауын тосқан кезеңі.
Айтып берші сəбиіңе шежіре
Қас өзенім, қас батырдың өзені.
Сəлем саған,
Сары аюлы тауларым,
Сен сезесің аңсарымның ауғанын,
Айтып берші:
Қай сайыңда өз ұлың
Қалай-қалай ойсыратты жауларын.
Сəлем саған,
Кер бұғылы орманым!
Келіп тұрды меңреуіңді шарлағым.
Бір түкпірден жолықтырсам деп едім
Ақпарың мен Сейітіңнің аруағын.
Өлім-өмір арпалысы кешуі,
Бұл қазаққа əйгі болған есімі.
Сəлем саған,
Нылқыдағы қарттарым,
Ақпар-Сейіт қос батырдың қосыны.
Құлыстайдан Қас бойына мен келдім
Өлеңменен айтайын деп осыны
Сəлем беру халқымыздың жосыны.
Армысыңдар,
Қос батырдың қосыны!
Бармысыңдар
Қос батырдың қосыны!





Пікір жазу