БІЗДІҢ ЖЕРДЕ АЛТЫН БАР
Алтын шайқап отыр екем түсімде,
Таң бозында қойтастардың ішінде.
Ағаш астауым сырылдайды,
Қолым талды, расым.
Дəл сол сəтте
Құм ішінен жылт еткендей бір асыл
Жылт еткен соң енді қайдан тұрасың.
Мен шөлдесем жұтамын да тау суын,
Шайқай берем,
Құлағанша əл-дəрменім таусылып.
Атама айтқам:
– Түсімде мен алтын шайқап жүрмін, – деп
Жылт еткеннен
Жерімізде алтын барын білдім деп.
Атам кенет селт етті,
– Саған бекер айтыппын, – деп, –
«Ат басындай алтын» жайлы ертекті.
– Саған бірақ айтып ем ғой,
Алтын барда
Болатынын қастандық,
Алтын барда
Болатынын астамдық.
Алтын барда қанжар бірге жүрерін
Сол алтыннан сұмдық-сұмдық
Сөз шыққанын білемін.
– Мейлі қалай бағаласын кім мұны,
Алтын деген адамдардың ындыны.
Енді атамның тынды үні.
Алаңдаймын сол сұхбаттан бері мен
Көк орманды беткейлерден
Бетегелі керімнен,
Шытынаған жартасымнан
Алтыны бар жерімнен.
Күні бойы малтығамын,
Жылтылдаған көп үміттің
Жазылмаған көп өлеңнің ішінде.
Алтын шайқап отырамын түсімде.