ЕРКІН ҚҰРМАНҒАЛИҒА
Жас дəурен ол, «білімді де білікті»,
Сенім еді, серік еді айнала.
Қызылшырай, кең кеуделі, иықты,
есіме алдым, Еркінді мен жай ғана.
Жүздескенде домбыра алып, əн салып,
сал-серінің əңгімесін айтатын.
Мінезіне, сұхбатына тамсанып,
көңіліміз бір жадырап қайтатын.
Бізге таныс жайдары жүз – алданыш.
Көкейіңде ақпан ұрып, сең жүрген.
Қай жерінен үзілді екен ар-намыс?
Қандай қайғы қызғалдағын семдірген!
Жету қайда ойлағанға мұратқа,
уақыт патша не салса да көнерсің.
Қарттар жайлы көп айтатын, бірақ та,
қартаюға үлгермеді сол Еркін.
Кең мекенім – азат Отан – өз елім,
бұлты көшкен, бұлақтары сылдырап.
Армандаудан өртеніп тұр өзегім
(Саған мүлде түсініксіз бұл бірақ).
Еркін кетті бұл өмірден қоңылтақ,
үмітінің бірде-бірі септелмей.
Абай айтқан: «Мақсұт алыс, өмір шақ»
Сонда кім бар мұратына жеткендей.
Бір шабыт пен көңілімде көктеген,
Еркінді мен есіме алдым ойлана.
Арманына, мұратына жетпеген
біреуі деп көп қазақтың қаймана.