17.06.2022
  115


Автор: Алмас Ахметбекұлы

КІНƏ

Бір құдірет жаратқан соң пендесін,
(пендесіне берілген ғой ол кісі).
Жалғыз ғана жақсылықтан өзгесін,
Келмеген-ау өз көзімен көргісі.
Ауылдан біз
(ол да менің тілегім),
алыстадық екі басып – бір басып.
Бетің аппақ,
аппақ еді білегің,
ақ болғаны – əйел үшін бір бақыт.
Дымқыл көңіл,
дымқыл мұнар,
дымқыл түн,
дымқыл сəуле төгеді ай да топ-толық.
Шəрбатына місе тұтпай көңілдің,
көңлімізбен болмас жайды көкседік.
Ала бұлтқа тоғытып ай сəулесін,
алаңқыға шыққанда тез сырғанап.
Етіңе кеп сенің аппақ бүлдіршін,
соның нұры жабысады бір қабат.
Ақ жылқылар осындай бір көгалда,
аунаушы еді жап-жасыл ғып жамбасын.
Аппақ едік,
ұқсадық біз соларға –
қайталадық қимылының жалғасын.
Елеңдей де қоймадық біз тың тыңдап.
Елемедік сайрағанын құстардың.
Сөзіміз де өрбімеді – тамтымдап
айтылғаны:
– жаным,
– күнім,
– құштармын!
Көп қиял да жоламады,
бұл рет
керек ете қоймадық біз күн көзін.
Екеумізге арнап еді құдірет
бозаң мұнар, салқын түннің күмбезін.
Шек келтірмен мені сүйген жаныңа,
өзің-дағы шын арусың сұңғыла.
Сүю дерті ортақ бізге,
тағы да,
екеумізге ортақ еді бір кінə.
Бір кітаптан оқып па едім мен бұрын,
Бірақ қайдан,
Мынау басқа, ол басқа.
Етімізге жабысады ай нұры.
Жапырақтар жаншылады жамбаста.





Пікір жазу