17.06.2022
  134


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ХАЛ СҰРАУ

(Қажықұмарға)
Ғұмыр бақи қасарысып, алысып,
сен қайтардың
қырсығыңмен жарысып.
Айрылмаған тізгінінен арманның,
он саусағың тастай қатып, жабысып.
Беу, қария,
бір арманың бар еді.
Сол арманнан таптың талай пəлені.
Қатайғаның сол арманның көмегі.
Қартайғаның сол арманның əлегі.
Өз басыңа бір кісідей сенемін.
Сол үшін де өзіңді ойлап келемін.
Қай кезде бір оңашада
тістеніп:
«сонан басқа арманым жоқ» деп едің.
Бəрекелді,
қайбір күні кешқұрым,
қартайғанда нұрға балқып кескінің,
ойға батып отырсың ба оңаша?
(арманыңның ақталғанын естідім).





Пікір жазу