17.06.2022
  107


Автор: Алмас Ахметбекұлы

НАҒАШЫ ЖҰРТ

– Анау таудың
сонау ойпаң арасы,
аттың белі секілді ғой, қарашы.
Сол өңірді мекендеген қалың жұрт –
Маған төркін.
Саған таудай нағашы.
Отыз жылдай мен аңсаған мекенді –
жер жаннатын сол арадан табасың, –
деп бастады мен атыма мінерде
маңдайымнан сүйіп менің анашым.
– Сабырлы бол, тентек ұлым, ол маңда.
Ыждағат қыл сыңсыған ну орманға.
Аунап-қуна көк шалғынды далада.
Тау қойнауын байқап-байқап арала.
Болушы еді аюлары, қасқыры,
сен олардан дəме қылма асқынып,
Қаруың жоқ, секілденген əкеңнің,
Өз басыңды аман-есен əкелгін –
Шапшаң сөйлеп,
Бір көңілмен тебінген,
– Əкем аңға құмар ма еді, – дедім мен
Онда əкең, – сарбаз еді, – деді анам, –
Түстік жақта асу болған жатаған.
«Таңдап аттым,
Семіз арқар екен» деп,
Өңгеріп ап келетін сол жотадан, –
Шешем енді сипап қойып жақтарын,
Төмен жазып маңдайының қатпарын.
Өз ойынан өзі аздап именіп,
Сөз жалғады:
– Онда біздер үйде едік.
Сазды ысырып көк атының тұяғы,
əкең көлбеп келе жатса қияны,
Жедел басып ұмтылушы ек көрші үйге,
жеңгеміздің күлкісінен ұялып.
Оны қойшы, мінез ғой бір ескілік,
Желдірте жорт,
кетпесін күн кешкіріп.
Тілегім ғой нағашыңа барғаның
арыстандай азамат боп ес біліп.
Отыз жылың дəме деген құрғырмен,
Дəм-тұз тартпай өтетінін кім білген, –
Деді шешем.
Шешемді аяп күлдім мен.
Əкемді де бек сағынып тұрдым мен.





Пікір жазу