17.06.2022
154
![](/uploads/shorttexts/author_image/20180115153131607-small.jpg)
СҰЛУ ДҮНИЕ
Сұлу дүние,
сенің жалғыз тұрағың
жүрек қана –
кіп-кішкентай шырағым.
Оған қосып берейін мен қаласаң
балалар мен арулардың қиялын.
Дүбірлеткің келсе байтақ даламды,
жылқы атаулы берсін саған тұяғын!
Бірақ сенің,
жан талшығым – кəусарым,
Жүрек қана
жалғыз тұрғың – аңсауың.
Сен қаласаң ғұмырымды, өзімді,
жан қазынам –
бар махаббат сезімді
бір өзіңнің шығыныңа таусамын.
Ең киелі қымбатым сол,
арнадым,
асқан күйші бір бауырымның саусағын.
Сұлу жүрек –
өлшеуі жоқ əлемім.
Сұлу дүние –
мөлтілдеген кəусарым.