КӨҢІЛ СҰРАУ
(Ақын Төленмырзаның көзі ауырғанда)
Армысың бауырым,
Хабарсыз қалдық көктемнен!
Сағынып сəлем жолдайын деп ем көптен мен.
Жолыға қалсақ – болашақ жайлы толғанып,
Тебіреніп бір, сыр шертер едік өткеннен.
Жасымыз тете,
Жанымыз жақын құрдас ең.
Туған еліміз əдіре қалған мұңдас ел.
Туған жеріміз қолдан бір кеткен армандай,
Алыста қалды – Шəуешек пенен Мырзашөл.
Көңіл-күй қалай?
Көркем ой қалай, сыр қылар,
Жана ма маздап,
Жай таппас жаның жыр құмар?!
Көңілім менің көк бұлтқа малтып кілкіді,
Қарашығыңа шөккенін естіп сұр мұнар.
Даладай дархан, өмірге шексіз құмаржан,
Далаға нұрын төгер бір жомарт күн алдан.
Күн нұры аптап, сейілер дала тұманнан,
Жан нұры қақтап, сейілер жанар мұнардан.
Көрейін сонда жырлары оттай Төленді,
Көрейін сонда жанары шоқтай Төленді.
Қарашығыңды қанатыменен желпісін,
Ұшырдым саған көгершін етіп өлеңді.