17.06.2022
  116


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ЖАСТЫҚ ДƏРИЯ

Шалқар айдын
Ағып жатқан мəңгілік,
Бар бітімін көзбен көрген ұл едім.
Бастауынан ататұғын таң күліп,
Басы – Күнес,
соңы – Балқаш Іленің.
Жастық шақта
Іле бойын бойлағам.
Ғұмырдың бұл маған берген сыйы еді.
Дəрия деген осы екен деп ойлағам,
Тал мен қайың, жасыл желек жиегі.
Биік таулар көкшіл мұнар жамылып,
Ескі қала.
Су жағасы мүлгитін.
Батар күннен қызғылт бояу малынып,
Алып дəрия күн жолымен сырғитын.
«Қармақ» салдық арасынан қамыстың,
Бізге «шабақ» ұстатпайтын,
Жас едік.
Тұтқыны едік
Тазалық пен намыстың,
Жастық шаққа жарасатын қателік.
Елпек едік,
Тентек едік шамалы.
Уақыт бізді бір мақсатқа жинады.
Өткір еді жігіттердің жанары.
Балғын еді арулардың дидары.
Жетелесіп,
Тетелесіп біз өттік.
Саусақпенен санайтындай жыл еді.
Жас сезімнің
Жал-құйрығын түзеттік,
Сол орданың тұңғыш ұшқан түлегі.
Жырға қоссаң таңдайыңда езілер
Қазақ сөзі қаймақ еді біз үшін.
Соның өзі
Биік мақсұт сезілер
Барар бағыт «аймақ» еді біз үшін.
Құлжа қалды
Куə болып жас жанға.
Сайрам астық
Шəуешектік, Алтайлық.
Көңіл қайтып сүйгеннен де, достан да,
Уақыт өтті.
Көре-көре марқайдық.
Адал едік,
Албырт едік бірбеткей,
«Қолың жетпес» деген сөзге көнбеспіз.
Көз алдымнан
Сол бір бейнең жүр кетпей
Құлжадағы
Қырық жігіт он бес қыз.
Жер ортасы,
Жеткен жерім –мекенім
Балқаш маңы –сабылдырған сағымын.
Іле дəрия толқындатқан жетегін
Ол да жетіп тоқтатады ағынын.
Дəл қазір де сол өзеннің суымен
Жібітемін жырларымның тамырын
Бір дəрия ғұмыр берді туған жер.
Жыр дəрия шабыт берді тəңірім.





Пікір жазу