17.06.2022
  110


Автор: Алмас Ахметбекұлы

СЕНІҢ ДАУЫСЫҢ

(Мұхтар Əуезовке)
Кетерде сен де, мен де, ол кісі де,
жабылар бұл дүниенің есігі бір.
Сенбесек арғысына, бергісіне,
жарқ еткен бұл шіркіннің несі ғұмыр?!
Бақытың екеу еді, Мұхтар, сенің
жетіп ең тірлігіңде біреуіне.
Бар еді күрсінумен жұтқан сенім,
сол еді екеуінің тірегі де.
Жауыңнан жеңілдің сен бір ретте,
ақылға бойсындырып ерлігіңді.
Сонан да сенің жаның құдіретше,
томдарға айналдырды шер-мұңыңды.
Жүректе бұлқынды тек бұққан сенім.
Барладың жауың қалай, ғалам қалай?!
Арманың екеу еді, Мұхтар сенің,
жаның да екеу болды соған қарай.
Таң емес дамыл тауып құштар сезім,
кісілік жүрегіңнің тыншығаны.
Тек сонда тірі қалды, Мұхтар, сенің
жаның мен арманыңның бір сыңары.
Халқыңның еңселенсе бір жігіті,
беу, Мұхтар, сол арманның жүрегінде.
Сол жаның домбыраның бір дыбысы,
тыңдайын, білмеймін бе, білмеймін бе?
Екі жан бұл құдірет саған берген.
Бір арман мəңгі мауқы басылмаған –
Көк байрақ шалқығанда самал желмен
үн қатар сенің дауысың лапылдаған.





Пікір жазу