ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ
Жатсынба қабылдау бөлмесін,
жасыма, ақын, алға атта.
Қалмайды сенде сəлден соң
шынашаққа ілер салмақ та.
Бабамның жұрты дегенді
сезіммен айттың далада.
Кектене қалды ол енді
баяғы сенің бабаңа.
Білмейді өзін ол, рас,
ұмытып біткен тегін де.
Ол қазір саған айта алмас
кім үшін кектенгенін де.
Топырақ алып бір шымшым
осынау байтақ жерінен
кеткен-ді бабаң – сол қыршын
осындайлардың кебінен.
Елжіреп келген бетіңде
көмейге сөзің кептелді.
Ұстатпай саған есің де,
қауырсын болып кетті енді.
Шамданар оған қай кісі:
бүгінгі Қазақ елінде
қоғамның бүкіл қайғысы
қабылдау бөлмелерінде.
Ақыным, жүдеу мұншама
қайратсыз, қапа көрінбе!
кесірлік керіп тұрса да,
қабылдау бөлмелерінде.
Ширауы босап төзімнің,
уайымға ерме албаты.
Əпкеңдей-ақ өзіңнің
бауырына басар Алматы.
Жеңілдік сезсең – буға айнал,
бұлтқа айнал, түйіл, ауырла!
Алатау ата мұңлы ол да,
шыңына орал, бауырла.
Жаныңа бұл да ем емес;
көңілдің дымы құрып тұр.
Тісіңді тістен ерегес,
егеспен бəрін ұмыт бір.
Далаға сіңіп кетсең де,
суырша қазып бір інді,
Отаның – Атамекенде
көрмейін мына түріңді!
Аққұба жүзің сұрланып,
Алмадың дерттен айыға.
Жаңарып қайтшы бір барып,
Мұхтардың мұражайына!
Шағынып қайтшы бір барып,
Мұхтардың мұражайына!