ЖҰМЕКЕНГЕ
Жұмекеннің үйіне көрсем деп ем бір барып.
Ақын жайын сұрасам, айта алмайды бұл халық.
Бұрма-бұрма көшенің, қабат-қабат үйлердің
қай қуысында отырды қайсар ақын жыр жазып?!
Болмас еді ол үшін мақсатына нанбасқа,
марқа көңіл – далада, марғау өмір – жамбаста.
Алуан-алуан сөздердің астарынан мəн түйіп,
айтар ойын аяп бір қайда отырды марқасқа...
Жылып ақты Ақжайық,
жылым жатты Қиғаш та.
Сырт айналды бір досың, сыбыр етті, сыйласпа!
Мың құбылғыш бұл елдің қай сөзіне сенесің,
тілегені бір басқа, қалағаны бір басқа.
Өлеңнен де ақынның беті қайта қалғанда
көкірегін босатар домбырамен сырласса.
Сурет болып бір арман,
дыбыс болып бір ұғым,
қиыр шеті қиялдың салғызбай жүр құрығын.
Кірпігіне Жұмекен қарашығын қыстырып,
Баяу сорар, байқаусыз, сөніп қалған шылымын.
Болған кезі жазып та, сол өлеңін бір сүйген,
соңғы шумақ ойда тұр шиесіне сыр түйген.
Сонда ақын сол қолмен желке шашын сылады,
Саиданың да дауысы енді естілді сырт үйден.