17.06.2022
  120


Автор: Алмас Ахметбекұлы

АПТАП

Суды құмға құйсаңыз тоқтамайды,
Ал, күн нұры оныңа ұқсамайды.
Күн нұрына шөлдесең түстікке бар,
оңтүстікті мен босқа мақтамаймын.
Күн төккенде сəулесін
құмның үсті –
нұр-шуаққа малтығып жатқан айдын.
Саған ешкім демейді «бұл жарамас».
Мықынынан басқасы тыр жалаңаш
ырғы-жығы адамды арайлай кеп,
Нұрға шомыл! –
Ысыған құмға аралас!
Терістіктің самалы жырақ қалып,
құшағына алды енді күн аптабы.
Қанжылым су,
қаншалық жұтсаң еркін,
қалғытады сезімді шуақ шалып.
Бөз жейдеңді сыпыр да, басыңа ұста!
Ұмытыпсың қалтқыңды асығыста.
Қамшы салым оң жақта етпетінен
əйел жатыр
басына шатыр ұстап.
Əйел жатыр етпеттеп,
сəл есінеп,
құмнан басқаны алмайды ол есіне.
Сəл қисайса,
майда құм-мамық құмың
сырғанайды кеуденің дөңесіне.
Ойлаттырмай арудың құлпыруын.
Ұмытылып əрнеге құлшынуың.
Құшағына алады əйеліңдей,
еркін мүлкің
күн аптап – құм сұлуың.
Күн қағарың –
кең қолтық бөз киімің.
Ыстық құмға қызғанда өз бүйірің
құм жабысқан əйелдің кеудесіне
бұйымтайсыз кідірер көз қиығың.





Пікір жазу