17.06.2022
129
ТҰРСЫНХАН ЗƏКЕНГЕ!
Менің қайсар досым-ай,
Өр Алтайда түлеген.
Жарты ғасыр тойыңда,
Мен арнайын бір өлең.
Сен отызға толғанда,
Отан азат болған-ды.
Өйтпегенде, досым-ау,
Қалай өмір сүрер ең?!
Киең сенің – Көк бөрі,
Желе жортқан жоны тік.
Кейіпкерің көк түрік,
Ел-Етміш пен Тонықұқ.
Тəнің мұнда тұрса да,
Жаның жетер мың жылға.
Қаламыңды сілтейсің,
Қанды жасқа тоғытып.
Сүюші едің бүгіліп,
Əжім жүзді анаңды.
Сүюші едің жүгініп,
Сор топырақ Далаңды.
Сенің арман-тілегің,
Өткен күнмен астасып.
Бұлтқа сіңіп, жел айдап,
Аунап кетіп барады.
Инаныш пен Ел-Етміш,
Жиі кіріп түсіңе.
Саурықтың тұлпары,
Сарыарқада кісіней.
Кейде жарқын көңілмен,
Жалт қараған сəтіңде,
Көрінесің көзіме,
Мың жасаған кісідей.