ЖЕР АҢСАУ
(Серік Нүсіп қыз ұзатқанда)
Жастығыңа, қайратыңа сенуден,
«Нар тəуекел» дедің 15 жыл бұрын.
Туған ана – Шəуешектің белінен
Босатып ап тағдырыңның шылбырын.
Желтоқсанда қар кешіп, мұз төсеніп,
Ата жұртқа жетіп едің төтелеп.
Нəресте ұлды қылтасынан көтеріп,
Сəби қызды білегінен жетелеп.
15 жылда еңбегіңді жандырдың,
Икемді еді ақылың да, қолың да.
Саған шексіз берген бағы тағдырдың, –
Елге жеттің қайратыңның молында.
Нəресте ұлың «Қазақстан» əнімен,
Жігіт болып, топқа түсті ұрандап.
Сəби қызың бой түзеді сəнімен,
Алматының аруы боп бұлаңдап.
Өз ойы бар, өз досы бар ұлыңның,
Отырасың сөйлесе алмай тереңдеп.
Бой жеткен-ау, бота көзің-құлының,
Қарайлайды басқа жаққа елеңдеп.
Телефоннан хат жазады кешқұрым,
«Алаңдама, мама, кештеу келем» деп.
Анасынан уыз емді, бал емді,
Осы болар «шеше көрген қыз» деген.
Бақытты үйде туып-өсіп, ал енді,
Өз бақытын басқа ауылдан іздеген.