МАРҚАКӨЛДЕН МАҢҒЫСТАУҒА
Марқакөл мен Маңғыстаудың арасы,
Сайгүлікті қосарлап мін тартып бер.
Айлық сапар қазақтың кең даласы,
Артта қалар Алтай, Сауыр, Барқытбел.
Бағытыңда батыс беті қазақтың,
Көкте күн мен құс қалықтап барады.
Құм аралы Созақтың,
Терістікте Арқаның кер самалы.
Керуен бұлттар Балқаш жақтан қалқыған,
Бетбақ шөлді бір жібітпей тарамас.
Ай бойына ат тұяғы қаршыған.
Бурыл құм – алтын мен мыс аралас.
Марқакөлге түскенде күн шуағы
Маңғыстауда таң шолпаны туады.
Түн бояуын майдақұмға ұйыған
Рауандаған таңғы сəуле жуады.
Сарыарқадан асып түскен алтын күн
Қараңғыны Қап тауына қуады.
Жеменей су Жайсаң көлге құяды,
Жеменей жұрт Маңғыстауда тұрады.
Маңғыстаудың маң-маң құмы ысыды,
Каспийге түс,
Самалға бұр бетіңді.
Шығыстағы Жайсаң көлдің пішіні
Картадағы Каспий теңіз секілді.
Құшағымда қышқыл суы Каспийдің,
Майда толқын мамық тиіп төсіме.
Жолдасыма баласы деп жақсы үйдің
Сауыр жайлы жыр оқимын көсіле.
Бабаханның немересі шежіре
Ғасырларға кезіп кетер қиялы.
Əңгімеге тарта түсер мені де
Жауып қойып телефонын ұялы.
Түйілісіп қастарының арасы
Шоқтай жанып көздерінің қарасы.
Сағымданған Сарыарқадан ары асып,
Сауыр тауда қалықтайды санасы.
Сауыр тауда бурыл өзен Жеменей
Қалың орман жасыл барқыт жағасы.
Маңғыстауда өсіп-өнген ер – егей
Жеменей қарт бір тайпа елдің бабасы.
Қандай дархан, қандай сұлу, қандай кең,
Біздің тұтас тегімізге қарашы.
Біздің тұтас жерімізге қарашы.
Алтай, Сауыр «Адай» күйге жаңғырып,
Маңғыстауда Абай сөзін əн қылып,
Жаны тұтас жалғыз тілді жалғыз ұлт,
Қазақ жері, қазақ елі мəңгілік.
Марқакөлге түскенде күн шуағы
Маңғыстауда жұлдыз самсап тұрады.