ҚАЗІР
Жапырақ жүзін дақ басқан
қурады, бітті қызық шақ.
Аулына енді қайтпастай
ұятқа жолдас қызға ұқсап.
Күз.
Орман.
Орман сиректеу.
(Сиректік жазда сезілмес).
Көңілді сыртқа билетпей
өзіңе бердің өзің дес.
Ағытып түйме алдымен,
костюмнің қомдап иығын,
төменге тарттың қан күрең
галстугіңнің тұйығын.
Көңілмен түскен қырқыста
санаға ғана сыйынған,
сенің бір халің бұл тұста
қиындау еді қиыннан.
Өзіңе зілдей өз демің.
Жер беті сарғыш жапырақ.
Жапырақ түстес сөйлемің
жырларыңда жүр шашырап.
Діндері қатты ағаштан
жапырақ құлар жеп-жеңіл.
Жеп-жеңіл тұстан сөз ашсаң
боратар ма едің сен де бір.
Бататын тұста қызыққа
базарға арнап барыңды,
сөйлемді түстеп қырыққа,
қинадың ғазиз жаныңды.
Желкеңе шашты серпумен
аспанға қарап тұрдың сен.
Қазір сен соңғы көңілмен
өзіңді көрдің, мен білсем.
Кеңірек танау, жым ерін
ауаны əнтек қармады.
Биіктеу, тікше денеңнің
өкшеңе түсті салмағы.
Қыр өкше батқан жапырақ
бүйірлеп сызға бір барып,
босана бере жадырап,
тыныстай қалды дымданып.
Босай да қалдың сен өзің
былқ етіп бір сəт төзімің,
сенімнің қиқу əуенін
алыстан аулап көңілің.
Жалғыздық жеңген пішінде
Аққұба жүзің сыр бүгіп.
Сен тұрсың
Орман ішінде,
Отызға келген бір жігіт.