17.06.2022
132
СЕН ДЕ ОҚЫ ЖЫРЫН СЕРІКТІҢ...
Сең соққан жырын Серіктің,
Сен де оқы.
Сенер-сенбессің.
Сағыныш шоғы күл болып,
Жоғалтпас мені енді ешкім.
Жас толған көзін еліктің,
Бар кінәм бұрын көріппін.
Тау біткен шыңсыз қалыпты,
Арманға босқа еріппін.
Көрсоқырлықпенен тергесіп,
Жамандықпенен белдесіп.
Жүріппін ұлып жұртта қап,
Кетіпті қаша-а-н ел көшіп.
Соңында жүріп ерместің,
Өлгенмін. Енді өлмеспін.
Мәресі жоқ жарыстан
Бірінші болып келмеспін.
Мың құлап, тұрып, теңдестім,
Азғырма босқа, көнбеспін.
Талып та жеткен жолымнан,
Тайдыра алмас енді ешкім.