17.06.2022
  122


Автор: Серік Жетпісқалиев

СОЛ ЕКЕН...

Сол екен бақытсыз күн басталғаны,
Сенің жолда себепсіз тасталғаның.
Желіккеннен жалт беріп бақытымнан,
Өзге бақтың гүліне бас салғаным.
Содан менің күйрепті жасыл бағым,
Содан кейін аспаным ашылмады.
Содан екен тағдырдың тайраң қағып,
Қайта-қайта жол кесіп, басынғаны.
Сен едің ғой аңсаған ұлы арманым,
Өмір-түлкі алдымда бұлаңдады.
Сенің ғана есімің шабыт сыйлап,
Беске жазған оқушы ем шығарманы.
Сен ғана едің тілегім, ұмтылғаным,
Одан бері қанша өлең жыртылмады.
Өзің жайлы төрт бөліп түн ұйқысын,
Сөз бастасам жұрт тынып сыр тыңдады.
Ненің жайын пайымдап, бақ сынап ек,
Қашан мансап, өмірден тақ сұрап ек?
...Кейде ойлаймын, жанымда жүргеніңнен,
Арман болып қалғаның жақсы ма деп!





Пікір жазу