ТӨТЕЛЕЙ ТАРТЫП КЕЛЕСІҢ
(Жалғасбек Маратұлына)
Жақсылық іздеп,
Жаңалық аңсап сабылып,
Жаныңа тыншу бермейсің.
Табаны бүрсіз
Нашарды көрсең тарығып
Қарадай күйіп шөлдейсің.
Ербиген епсіз
Ездердің қиқым
Көтере алмайсың бұлтағын,
Ақ көңілдерге
Шалқыған шалқар
Аңғал да саңғал көлдейсің!
Тектілерді іздеп,
Мықтыларды аңсап,
Ойларға терең дендейсің,
Күйкі тірліктің күйбең де күйбең,
Күңгірт күйіне көнбейсің.
Қара тасқа өсер
Қарағайындай арқаның
Алыстан ерек көрініп,
Көмейден лепес төгіліп,
Шығарып сезім талқанын,
Өзегін өртеп қалқаның
Құлжадай шыңға өрлейсің!
Сөйлеп бір кетсең шердейсің
Тереңнен толғап тербейсің
Ылдидан салса төске озып,
Тілдіге десте бермейсің.
Ығына пана құрғызбас
Табандыны тұрғызбас
Қырсықты қарсы бұрғызбас
Беттіні бетке қаратпас
Сөйлеп бір кетсең, Жалғасбек,
Арқадан соққан желдейсің!
Көпшілік қамын жегесін,
Құқайды талай көресің.
Уайымның сөгіп көбесін
Өсектің ұрып енесін
Өзіңнің биіктігіңе
Төтелей тартып келесің!
Жеткізсін Құдай дегенге
Сүрініп жолда бөгелме.
Бәйгенің алдын бермегін
Бастықтық деген өнерде!..