АУЫЛЫМА ХАТ
(Немесе Жайықтың туған күніне)
Жайығым тасып жатыр ма,
Сайларға құйып,
Қария тұр ма жағада
Нұрлы ойға ұйып.
«Алпамыстары» ауылдың
Аттанған шығар,
Ақ сазан аулап,
Мәз-майрам, қойнаудан тұйық.
Қарлығаш қалқи су тіліп қанатыменен,
Қызғалдақтары құлпырып дала түлеген.
Шақтар ғой қазір жігіттер қыздарды күткен,
Лүпілдеп жүрек, алысқан тағатыменен.
Бір сәтке басын көтеріп, ойлаудан дана,
Қақты ғой дабыл шаттанып тойлауға Дала:
«Тасыды Жайық! Жаңғырды!..Бәйгені баста,
Сәйгүлігіңді ертте, тосылма, байлаудағы ана!»
Сол тойдың естіп дүбірін елтеді жүрек,
Отырмын әсем жұртыма ертегі тілеп.
Көктемнің иісі келеді,сезімді қозғап,
Жастықтың сұлу сырларын шертеді жүрек!
Кездер ғой қазір сай-сала тасып,толатын,
Бозбала, жігіт бас ұрып, ғашық болатын.
Ақшуақ сезім әркімді-ақ алаң қып алып,
Жамандық деген пәледен қашық болатын!
Ғашықтар әні құлпыртып даланы мүлде,
Тербеліп тұр-ау, сыр бүгіп қырмызы гүлдер.
Елжіреп тұрған кездер ғой төбеден төніп,
Мейірім төккен, жып-жылы жұлдызды түндер.
Еліме дәйім ырыс-құт, береке бергей,
Жайықтың тасыр уағы мереке елде.
Сылдыр да сылдыр тасысын ерке өзен ағып,
Жұртымды, Алла, шаттықтан кем ете көрме!.