17.06.2022
  198


Автор: Серік Жетпісқалиев

ЕСТІЛЕДІ ДҮБІРІҢ , ҚҰЛАГЕРІМ!

Естіледі дүбірің, Құлагерім,
Сан сынаққа сен дағы шыдап едің.
Жалын жырын жалғауға өткендердің,
Әл-дәрменім жетер ме, мына менің!..
Естіледі дүбірің, Құлагерім,
Қайғы шеккен қазаңа жылап елім!
Сары даламен жүйткіп бір өткендейсің,
Артқа тастап даланың құба желін.
Естіледі дүбірің, Құлагерім,
Іштарлықтың өртінен құлап едің!
Сені өлтірген жазықсыз сол сұмдықтың,
Ешкім ойлап тапқан жоқ әлі де емін!
Сен кейін... тағы да жарыс өткен,
Дүлділдерін тағы да қалыс еткен.
Тұлпарлардың басына қамшы үйіріп,
Жабыларға бәйгелер табыс еткен.
Сенен кейін... жалғасқан соның бәрі,
Неше тұлпар тамақтан орылмады.
Әділсіздік туралы ойлап кетсем,
Қалтырайды қаламым қолымдағы.
Сенен кейін...қызынған талай тұяқ,
(Япырай, кеудеге зар қалай сияд?!)
Тасқа соға берген соң сор маңдайын,
Айналды сағы сынған малайға ұят.
Сенен кейін... өзгерген ештеңе жоқ,
Залымдықтың қаулаған өшкені жоқ.
Жабыларың жорытса кілемменен,
Тұлпарлардың тізеден кешкені боқ!
Сенен кейін... құлаған талай жүйрік,
Ескерілмей есті сөз талай күйдік.
Әділдікке өреміз жетпесе де,
Өзгелердің табанын жалай білдік!
Жалғасуда жақсы үшін сенделген күн,
Шын жүйріктер кешуде сен көрген күн.
Парықсыздар талтаңдап төрге озуда,
Түлкі заман сұмдығын меңгерген кім?!
Сенен кейін... не дейін сенен кейін,
Сол болар-ды бүгін де көрер күнің.
Сол тұзаққа түсер ең бүгін де сен,
Алған бәйгең одан да келер кейін.
Қайран, қайран, асыл тек, сәйгүлігім,
Тізбелейін қазақтың қай қылығын?!
Сол күні үзіп кермені келмесең де,
Күллі әлемге атағың әйгі бүгін!
Саған бүгін бас иіп, тамсанады,
«Құлагер» деп жыр жазып, ән салады.
Жал-құйрығың аймалап таң самалы,
Бейнең кербез тұғырда қарсы алады!
Сенен кейін... әділдік төрге озбаған,
Жүйріктерге заман жоқ ор қазбаған.
Озбырлыққа еш дауа болмай қойды,
Дәрмен- әлсіз халық та хан қозғаған!
Естіледі дүбірің, Құлагерім,
Алар тұста бәйгені құлап едің!
Сен тұлпарсың бәрібір атың аңыз,
Тас тұғырда бәрібір тұрар едің!





Пікір жазу