17.06.2022
  162


Автор: Серік Жетпісқалиев

ТОЛҒАНАЙ

Бір жігіттің туғызар оңнан Айын,
Кез қылдым Ақ Жайықтың Толғанайын.
Сал сезім суып қалмай тұрғанында,
Ақынның қыл қаламын қолға алайын!
Сөзімді қалай сөзге жалғамайын,
Әр жолға інжу-маржан таңдамайын.
Қалайша тебіреніп, жыр жазбайын,
Көргенде Ақ Жайықтың Толғанайын!
Толғанай жаңа туған Айдай екен,
Сүйсінуге жаралған жандай екен.
Қиғаш салған көзінің қарасын-ай,
Шіркіннің шырын дәмі қандай екен?!
Толғанай жаңа атқан таңдай екен,
Тілегі тілге тамған балдай екен.
Мінезі кімді болсын тұсағандай,
Шіркін-ай, от құшағы қандай екен?!
Сұлуды өзіңдей кім көрген еді,
Апырай толқын не деді, жел не деді?..
Ақ Жайықтың үстінде жарасыммен,
Өзің мінген ақ кеме тербеледі!
Таң атпаса гүлдерге шық тұра ма,
Өмірді шын сүйеді мықты ғана!
Әлде тәңір сұлуды жолықтырып
Тәттілігін тірліктің ұқтыра ма?
Шырағын бір үміттің жандырайын,
Болдың-ау, жүрекке мұң, жанға уайым.
Сұлулыққа соғылған ескерткіштей,
Осы өлеңді жағада қалдырайын!..





Пікір жазу