17.06.2022
  105


Автор: Серік Жетпісқалиев

ТУҒАН ЖЫЛ ТУРАЛЫ ЖЫР

Айқын болып оң -солымыз,
Өткен күнге қарасақ:
Куәлікті конторыңыз
Өзгертіпті ала сап!
Алпыс емес, елу тоғыз,
Он жетінші қараша.
Толған кезі күздің нағыз
Кеппіз таңмен таласа.
Кім болжаған қақпақылды,
Болды кімде уайым?
Торсық шеке аппақ ұлды
Бере сапты Құдайым!
Есейгенде есеңгіреп
Адасыппын сансырап.
Соқпақ күңгірт, көшем жүдеп,
Күнім батып қансырап.
Жол таба алмай, жаутаң-жаутаң,
Жолайрыққа келіппін.
Жеткізбейтін қанша қусаң
Елестерге еріппін.
Ешкімді де кінәламан,
...Күн батуға таяды.
Кім сүрініп, құламаған,
Жөн болғай тек аяғы.
Жаздың десең, енді неге
Айтып мұның барлығын.
Бір түртілсін шындық дедім,
Шын туған жыл, ай, күнім.





Пікір жазу