17.06.2022
  135


Автор: Серік Жетпісқалиев

ШЫҢЫНАН ОҚЖЕТПЕСТІҢ ШУАҚ КӨРГЕМ

Құлдырап, көңіл күйреп, құлап келгем,
Көкшетау шырақ жағып, қуат берген.
Түбінде сор құдықтың құлап жатып,
Шыңынан Оқжетпестің шуақ көргем!
Жанымды жылындырып төккен жауын,
Алғандай құшағына Көкшетауым.
Ауасы, бал қымызы бойға тарап,
Келемін көше бойлап кешке салым.
Жүрегім төске өрлесем алқынбаған,
Жігерім ақ алмастай жарқылдаған.
Кеудемде күй ойнатып, сергітеді,
Аққу-қаз үні көкте қаңқылдаған!
Ұл едім арман қуып, қиялға ерген,
Бесіктен әлди естіп, ұя көрген.
Тағдырдың тауқыметі түскен сәтте,
Көкшетау бір пұшпағын қия берген!..
Көсілген кең жазира сая болмай,
Төбемнен бұлт арылмай, ай оңалмай.
Жүргенде қайран Көкше демей берді,
Жазықсыз жалғыз жанды аяғандай!..
Көкшеде қиял биік, арман асқақ,
Өзіне ғажап тылсым әркім ашқан.
Көкшеде атқа мінсең аттанасың,
Сапарға алты айшылық қалғымастан.
Көкшетау айна көлді, ақ қайыңды,
Кең құшақ кімді туыс, жатқа айырды?
Сәнінен айнымаған ақыл біткен,
Басады бауырына таппай ұлды!
Көкшетау кереметім, жерұйығым,
Әніңе аспандаған мен ұйыдым.
Басына бар қазақтың біткен бақсың,
Көркіңмен қоса біткен өр ұғымсың!
Ұсынып ұлы өмірдің сахнасын,
Алдымнан шымылдықтай ашыласың.
Мейірім нұрын шашып маңайыңа,
Сипауға маңдайымнан асығасың!
Көкшетау туған жерсің сенде маған,
(Емеспін саған да өгей, бөлме далам!)
Бар қазақ ұмтылғанда құшағыңа,
Мен қалай мейріміңнен кенде қалам ?!..
Сүрінсем сүйегенсің, демегенсің,
Талпынған талабымды елегенсің.
Қақтырып қанатымды қияларға,
Тумады топырағымда демегенсің!
Көкшетау санаң биік, пейілің кең,
Шығармын сенің артқан сеніміңнен.
Халқыңды нұрға бөгіп көркейе бер,
Құдайым айырмасын мейірімнен!





Пікір жазу