17.06.2022
  145


Автор: Серік Жетпісқалиев

ӘКЕММЕН ҚОШТАСУ ЖЫРЫ

Кіндігің қаны осында тамған,
Маңдайың тері осында қалған.
Тағдырың қилы болғаны рас,
«Бақытсыз еді» десе егер жалған!
Кезіңде болған жалындап жанған,
Тайсалмай шапқан жасанған жаудан.
Жеңімпаздардың сапында жүріп,
Өш алған ерсің басынғандардан!
Соғысты сарқып, оралдың елге,
Еңбекке кірдің малшынып терге.
Майданың солай жалғаса берді,
Мән берген жоқсың атақ пен шенге!
Болмады тайқып, тартынған жерің,
Түспедің аттан, шешпедің белің.
Туған еліңді қадыр тұтпасаң,
Осылай от боп жалындар ма едің?!
Үлкенге- іні, кішіге- пана,
Тұлға едің, әке, жан едің дара!
...Артыңда білдің ұлыңның барын,
Атыңды өшірмес мендей бір бала!
Сеніп кет, әке, серт қып арыма,
Дұғамды арнап отырарыма.
...Жат енді сені бесіктей тербер,
Туған жеріңнің топырағына!





Пікір жазу