17.06.2022
  126


Автор: Серік Жетпісқалиев

МАХАМБЕТТІҢ ТЕГІ СЕНІҢ НЕ ТЕҢІҢ?!

Айтпақ сөзді жасырып қап, не етемін?!
Біле тұра
кіндік қаны тамған жерін, мекенін,
Түн жорытқан бөрі екенін,
Бос қоймаған жетегін!
Қазақ үшін басын берген дұшпанға,
Махамбеттің тегін сұрау не теңің?!
Дінсіз жұртың жумай жүріп көтенін,
Бойжеткенің жаба алмай бос етегін.
Біле тұра ханға қарсы сөйлеген,
От ауызды, орақ тілді екенін,
Махамбеттің тегін сұрау не теңің?!
Атойласа алдында жау жайраған,
Сары далада мыңғыртып мал айдаған,
Құм Нарынды оңды-солды жайлаған,
Ханға қарсы қол бастаудан таймаған.
Домбыраңда күркіретіп күйлерін,
Жырларымен сарбаздарын қайраған!
Қайқы қылыш, көк сүңгісін сайлаған,
Асаулардың құлағында ойнаған.
Қара қазан, сары баланың қамы үшін,
Тәуекелге тастүйін бел байлаған!..
Махамбеттен асқан қазақ бар ма еді,
Махамбеттен асып еді қай балаң?!
Құдіретін, қасиетін жоймаған,
Махамбеттің әр өлеңі той маған!
Қазағым-ай, күңкілдеуін қоймаған,
“Болған ұлдан тек сұрамас” деуші еді.
Қайран, қазақ!
Кір іздеуін қоймаған!
Түрілумен жүріп әлі етегің,
Махамбеттің тегін сұрау не теңің?!





Пікір жазу