17.06.2022
107
ТАМШЫ-ТҰМАР
Қатайтайын дей ме екен, қанатымды,
Жарып ұшсын дей ме екен, қара түнді.
Қапияда үн-түнсіз ата Жайық,
Тереңіне батырып алатын-ды.
Қатал сынақ есімде бала күнгі:
Сездірместен суланған жанарымды,
Озып келсем, қарамай шөңгесіне,
Келбеп жатып, бас изеп дала күлді.
Бірде абайсыз, оңдырмай тай тебеді,
Бала бейнет көрмесе қайтер еді?!
Енді бірде есімнен ауыстырып,
Биігінен құлатты бәйтерегі!
Жігіттіктің әуелгі салты – шыдам,
Жүруім ұнады ма, тырысып әм.
Туған жер кетерімде тұмар тақты,
Ұлы өзен Ақ Жайықтың тамшысынан!
Үміт күтсе анасы талабынан,
Өлмес шабыт мәңгілік алады ұлан.
Иіл, маған, ей аспан, жанып ұшса,
Көкті тіліп өтпей ме, бала қыран?!