17.06.2022
148
![](/uploads/shorttexts/author_image/4426c8a56b83bf45177903d9aa9c1c4d.png)
СЕН АМАН ЖҮРГЕНДЕ
Шыдамым айналып сағымға,
Шар болат шарт сынар шағында.
Сен келіп үмітті жалғайсың,
Тап қылған өзіңе бағым ба?
Ұшқынын жоғалтып жанарым,
Түнеріп, төнгенде қара мұң.
Жанымнан табылып, сүйедің,
Сенделіп, тайғанда табаным.
Әлсіреп, үміттің шырағы,
Қажытып пешене сынағы.
Қанатым талғанда қолдадың,
Ардағым, аппағым, шынарым.
Адами ақ сезім, жарық ән,
Ақ сүтпен анаңнан дарыған.
Сен келсең ақ жаңбыр төккендей,
Серпіліп, күй кешем, шадыман!
Нәзік мұң жанымды тербейді,
Тілегің санамды емдейді.
Сен аман жүргенде, сұлуым,
Кеудемде шырағым сөнбейді!