17.06.2022
  109


Автор: Серік Жетпісқалиев

АУЫЛЫМА ТАЛАЙ БАРАМ

Тек жүрсем…
ауылыма талай барам,
Онда бір жаутаңкөз бар қарайлаған.
Жан болса шабытына шоқ түсірер,
Жасына,
Жан-жағына қарай ма адам?!
Алда әлі ауылыма талай барам,
Бір үйдің іргесіне жанай барам.
Туған соң ақын болып, сезімі-жыр,
Махаббатсыз, ән-күйсіз қалай барам?!
Қуанышқа, Кежеуге,
Абай барам,
Құрбыларды Ай-Күнге балай барам.
Олқы тұсын ұмытып достарымның,
Жақсылығын айғайлап, санай барам.
Ауылым – ақ бесігім,
талай барам,
Ауылда талай ұстаз, талай данам.
Түсе қалып атымнан сәлем берем,
Аға-жеңге, ініге мал айдаған.
Мен әлі ауылыма талай барам,
Сол ауылдан тарайды арай маған.
Ақын көңіл алдаса өзі білсін,
Бар секілді бір сұлу қарайлаған!





Пікір жазу