Саған ғана...
Атыңды айтсам, әлі күн тебіренем,
Ескерткішің қалдырған сенің -өлең.
Тағдыр шіркін жазбапты қосылуды,
Бірге ғұмыр кешуді сеніменен.
Содан бері өлең дос меніменен,
Көңіл мұзы өлеңсіз ерімеген.
Мен мұңайсам, сені аңсап бейуақта,
Жаутаң-жаутаң етеді елік өлең.
Саған ғана арналар шыншыл жырым,
Адасқанда төбемде қынжылды Күн.
Бәрін біліп, білмеппін махаббаттың,
Махаббаттың білмеппін мың жылдығын.
Жасырумен сезімді жылдар өтті,
Сорлы көңіл әр нені сылтау етті.
Жарым есті жастығым ойнақтаған,
Ермегіне тағдырын құрбан етті.
Жақын келе елудей ер жасына,
Толғауыма болар ма, енді ашыла.
Жүректегі сол сезім мызғымаған,
Не болармын таясаң сен қасыма?!..
Сол сезімім сақтаулы, мұқалмаған,
Әнім көшіп, әлемім жұтаңдаған.
Қарайлаумен күрсініп өтермін бе,
Бұл өмірден қалпымда ұта алмаған...