17.06.2022
  98


Автор: Серік Жетпісқалиев

ЖАНЫМ ТАЛАЙ ШЫРҚЫРАП

Жаным талай шырқырап,
Көңілім талай күйзелді.
Сүйегім талай сырқырап,
Найзаға жүйке түйрелді.
Кеудеге соқты түрлі екпін,
Төзе де бердім, үзілмей.
Өтерін, соның, білмеппін,
Өмірдің сары күзіндей.
Езілген еңсе көтеріп,
Сүрінген түрегеледі.
Қайғының- дағы еті өліп,
Айналып жүре береді.
Бұ күнде жасқап уайымды,
Қайғыға қолым сілтеймін.
Жырыма айтып жайымды,
Шабытпен көңіл бүркеймін.
Мұнымды ерте, кеш демей,
Өкінбей қабыл алғанмын.
Өзгермейді екен ештеңе,
Өтеді екен жалған күн...





Пікір жазу