17.06.2022
  109


Автор: Сұраған Рахметұлы

Боз талдар күлтелі бүр тағып...

Боз талдар күлтелі бүр тағып,
Əулие даланың сағымын түйелер кешеді.
Бозторғай зар илеп, шырылдап төбеде,
Тамағын жыртады.
Иесіз əуендер неше мың,
Киесіз түземді мекендеп.
Құстармен алысқа көшеді үн…
Өседі… өшеді…
Құсни саздардың ізінде өртенсем екен деп.
Құс əні – құсалы…
Ойпыр-ай, мəңгі үздік.
Тірліктің басқасы бекер де,
Тырнақтар жүректе, жұрнақтай жалғыздық
Жаныңды сетерлеп.
Жап-жасыл өңірдің жап-жасыл жаңбыры
жағаңнан нөсерлеп…
«Кетер» деп… «өтер» деп…
Тəп-тəтті ойларың қаңғырып,
Ызалы ұшқындар алыста,
Осы маң,
Бəлкім, ық.
Батысты шығысқа бағыштап, алқынып.
Күліктер ұшады іштері қабысқан,
Қыл қалам секілді жалқылық.





Пікір жазу