17.06.2022
134
Армандар көгімді тырналап ұшады...
Армандар көгімді тырналап ұшады,
Кешіккен, келмеген іңірлер еседі кітаптың бетіндей.
Мойнымнан су кетіп… мысалы, кесе көлденең,
Белгісіз белдердің бедерсіз шетіндей.
Қиялдар шашылып, төгілмей еңбектеп жүргенге.
Ақиқат кеселі күлдіріп келмейді үнемі,
Сындырып, бүлдіріп, кейітіп…
Айталық, көлбеңдеп сүрлемдер
Қапырық үрлейді түріп ап білегін.
Қасыңда əдепсіз кесілген бұрымдар…
Етегін түргендер.
Бəрі де қажетсіз.
Араның жүзінен шашырап сұм сөздер ұнтағы,
Сыбырлап құр демдер,
Мүрделер алдыңнан ойқастап сəл епсіз.
Шараптың буынан кермектер жаныңды жылтады,
Дəнектің нəріндей көз жасы.
Дүние бошалап, іңгендер боздасып…
Тағы да су кетіп мойныңнан, қағады қаңбақтар қылтаны.