17.06.2022
147
Қырбақ қар өлең шумақтарындай...
Қырбақ қар өлең шумақтарындай,
Мейірімді дала кірпігі.
Қаздың қаңқылы ұшады қалқып құндақтағы ұлдан
Əуенін санамда іркідім.
Жып-жылы нəрлер ойнайды құрғақ қанымда,
Қайыңдар су жағалайды балағын түріп.
Күллі жұлдыздар кілкіп, жəудіреп, қырбақ қарымда.
Шиырлы ізімен шумақ зерлейді қарала ит үріп.
Дауыл шұлғиды зауда, Күн қатпарында,
Қағазға тамады шаршаған сана титығы.
Бақидың суреттері тұр, қырбақтың жұмбақтарында,
Күн түндіктен құлайды шала ұйқылы.
Ақ өлең – Алтайдың ала күртігі,
Тамырдың табанын жалайды құндақта дымдар,
Теректің бұтағын ырғайды самал ұмтылып,
Лағыл даланың лағыл ырғақтарындай.