Шам
«Өлілерге көрсеткен құрметін тірілерге
көрсете алса, бізден құдіретті халық болмаушы еді...»
“Құдай жерді жаратқанда біздің ауылға енші беруді ұмытып кеткен шығар осы. Тақыр жер, малға жайсыз, адамға қолайсыз. Қысы - қатты, жазы болса - шіліңгір ыстық. Тазға шыққан қылдай болып қамыстан басқа түк өспейді.”
Титығына тиген тіршілікке налып отырғанда Салауаттың аузына бірінші түсетін сөз осы. Бозаң тартқан дала, күздің келуін күткендей күреңітіп кеткен кез. Сыздана бастаған қамыстың бір талын жұлып аузына салып алған ол ауыл жаққа көз тастады. Қызығы, тірі адамдардың үйлері сондай жұпыны да, бақилық болғандардың "үйі" көркем күмбезді әрі еңселі еді. Бұл дүниенің сырына қанбай жатып, арғы дүниені көп ойлайтын, осы дүниеде орнын таппай тұрып, жұмақтағы орнына көбірек алаңдайтын атажұртына алаң көзбен қарап қояды.
Өреге жайылған азын-аулақ малта құрттай шашылып салынған үйлердің үстінен қарауылдап тұрып:
- Мен осы ауылдан неге кетіп қалмаймын?! Жұмыртқа басып жатқан тауықтай отырып алғаным қалай? Шіркін, қалаға барсам...
Бойына жараспайтын сұңғылалыққа салынып қанша ойланса да, Салауаттың бар қиялы осы жерден шорт кесіледі. Ол өзінің қалада тұруға дайын еместігін жақсы біледі. Аядай ауылдан аттап басса, үйірінен адасқан саяқтай сандалып кетерін де сезеді. Қамалған иттің қабаған келетіні сияқты, ауылдан асып кете алмайтынын түсінген бұның да "айға қарап, ұлып тұратыны" бар.
Салауат - осы ауылдың шырақшысы болған Ұжбан деген қарттың баласы. Ауылдағы ең соңғы ақсақалдың қайтқанына да бір жылдан асыпты. Қазір ауылда бар есті деген үлкендердің өзі елуге енді ілінген. Басалқы сөз айтар адам да жоқ. Содан да болар қариясы кеткен ауыл, дариясы кепкен жағадай жетімсіреп қалғанға ұқсайды. Шырақшы өмірден озғалы зиярат ететін әулие-әнбиелердің мазары да құлазып қалған. Әкенің жоқтығы, әсіресе, Салауаттың қабырғасын қайыстырды.
Ұжбан шал барда "базары тарқамайтындай" көрінген жалғыз бала, әкесін "келместің кемесіне мінгестіріп" жібергелі боркемік мінез тапқан. Бұрын "қара шаңырақтың" иесімін деп сылтауратып, оқуға да бармай қалғаны, жаңа кәсіп үйренуге шорқақтығы "жалғыз" қалғанда жанына батады. Ата кәсіп деп құрмет қылғаны болмаса, кесене, мазарларға тәу етіп келгендерді өмірде жақтыртқан емес. Қолынан келер басқа кәсіп болмаған соң, күнкөріс үшін, әкесінің орнына шырақшы болып жүр. Адамынан аруағы, үйлерден мазары көп ауылға ат басын тірейтіндер көп. Іздеп келетіні - тірілер емес, қайтқан бабаларына құран бағыштап, сыйынып келеді. Ұжбан қарттың үйіне түсетін қонақтардың күні қазір Салауатқа түсіп тұр. Қамыс арасында отырған Салауат алыс көкжиек пен ауылды жалғаған күретамыр жолда келе жатқан көлікті көріп қалды. "Тағы да тәу етушілер келе жатыр" деп ойлады. Ықылассыз орнынан тұрып, ылдиға түсіп үйіне беттеді.
"Қай әулиеден, не сұрауға келе жатыр екен?" деп күңкілдеді. "Өліге көрсететін құрметін тіріге көрсете алса, қазақтан құдіретті халық болмаушы еді... " – деп, күрсінді артынша.
Өркениеттің өгей баласындай оқшау жатқан ауылға қонақтардың келгені рас еді. Бірақ, қымбат көлік мінген суыт жүргіншілердің Салауатта шаруасы болмай шықты. Жылтыр қара көлік ауылды бір айналып өтті де, әкімдік ғимаратының алдына тоқтады. Басқа үйлерден айырмашылығы жоқ аласа шатырлы сабан үйге маңдайшасындағы көк байрақ қана мәртебе беріп тұр.
Белгісіз қонақтардың қадамы құтты болды. Бұлар кетісімен маужыраған ауылдың тамырына қан жүгірді. Алдымен әкімшілікте жиналыстар көбейді. Бірер күннен соң ауылдың айналасындағы жерді өлшеп, таңбалайтындар шықты. Бір аптадан соң жер қазғыш машиналар мен бөрене таситын жүк көліктері қаптап кетті.
Салауат кейін естіді. Шоғыр ауылына су, көгілдір отын мен электр жарығы тартылғалы жатыр екен. Бұл жылда қозғалып, жылда көтерілетін "Дайрабайдың көк сиырындай" заржақ қылған әңгіме. Жыл сайын жоғары жақтан тапсырма келеді, қаражат бөлінеді, техника тартылады. Бірақ, күздің қара суығында басталған құрылыс қар түскен кезде кібіртіктеп, қыс басталғанда тоқтайды да қалады. Бұл бір жылдағы дәстүр болып алды. Қазылған жерлер көмілмеген көрдей үңірейіп келесі жылға дейін күтеді. От жағып, отын тасып, ауыз су үшін құдық күзеткен халықтың тіршілігі өзгерген емес.
Бірақ, биылғы жұмыстардың қарқынына қарап, ауыл адамдары жақсы жаңалықтан дәмеленейін деді. Қысқа дейін бір тоқсан бар. Осылай жалғастыра берсе бұл ауылдың да маңдайы жарқырап шыға келейін деп тұр.
Бір айдан соң электр бағаналары бой көтеріп, жер астында да, үстінде де құбырлар пайда болды. Желтоқсан болмай жарық пен жылуды қосамыз деген қауесет те тарап үлгерді.
Бір күні Шоғыр ауылының тұрғындарына тосын тапсырма келді. Көгілдір отын кіретін үйлерге жылу қазандығын орнатушылар келіп қуантты. Сөйте тұра, үйіндегі барлық ошақты бұзып, мұржасын бітемеген үйге жылу қосылмайтын болып шықты. Тұрғындар алғашында қарсыласып бақты. Бірақ, "табалдырығымызға өзі кеп тұрған бақты кері итермейік" дескен тұрғындар ошақтарын бұзуға біртіндеп келісім берді.
Ұжбан қарттан кейінгі ауыл үлкені саналатын Бибіжамал жеңгей ғана:
- "О, заман да, бұ заман, ошағын бұзған отауды көргенім жоқ. Жаман ырым бастамаймын. Жылу қоспасаңдар, әдірем қалыңдар. О нес?" – деп, бір бұрқылдап алды. Келіншектер қаумалап жүріп, жеңгейді райынан қайтарып, бас аяғы он күнде бүкіл ауылдың ошағының орны тып-типыл болды.
Ит арқасы қиянда жатқан ауылына жаңашылдық келіп жатқанына Салауат та қуанышты еді. Ошағын бірінші боп бұздырып, жылу тартуға келісім берген де өзі. Тек түйсігіндегі түйтіл мен көңіліндегі кірбің кетпей қойды. Әке шаңырағындағы ошақтың күлін сөндіргенін білсе де, мән бермеуге тырысып жүр.
Сондай оймен қалғып кеткен бір түні Салауаттың түсіне Ұжбан қарт кірді. Қарт бүркіттей қаусырап қалған, баршын тартқан даусымен баласын бір сілкіп алды:
"Бекершілсіңдер! Жылт еткеннің бәрі жарық емес қой, балам"- деп күрсініп, "жертөлеге бар, сонда жасырған қазынам бар. Түбі керек болады" деп бұрылып кетті. Түсінен шошып оянған Салауат әкесінің өкпелі жүзін, жылын өткізбегенімнен шығар деп жорыды. Қазына бар деген жерінен балауыз шырақтар мен жермай батырып жағатын қолшамдардан басқа ештеңе таба алмады. Ал, бұндай заттар барлық шырақшының үйінен табылатын.
Жақсылықтан дәмілі жұрттың үмітінен күдігі үдеп барады. Бұл өлкенің қарашасы қысқа бергісіз салқын еді. Жылу әлі қосылған жоқ. От жағып жылынайын десе, отын бар да, ошақ жоқ.
Қара суықта қалтыраған халыққа басшылықтан "күтіңіздер" дегеннен басқа жауап келген жоқ. Бұл ауылда қарт кісі жоқ болса да, кішкентай баласы бар үйлерге тіпті обал болды. Кеш болса бітті, баласы бар үйлерден күрк-күрк жөтелген дауыстар жамырай шығады. Даланың қазандықтары болмаса, соғым сойған жұрттың ас пісіретін орны да жоқ еді.
Алғашқы ай амалдап тұрған ауыл, қылышын сүйретіп қыс келгенде сасайын деді. Жылу қосады деген сыбыс әлі жоқ. Ауылдың шарасыз хәлін көрген Салауат әкімшілікке барып, мән-жайды сұраған болады. Олар да өздерінің үстінен қарайтын құзірет барын айтып ақталғаннан басқа жақ ашпайды.
Нағыз бейнет алғашқы қар қылаулап түскен күні басталды. Жазда түстіктен керімсал боп соғатын жел, қыста қаһарлы боранға ұласушы еді. Сол дағды бойынша бір бұрқасынның барын сездіріп, жел ысқырып белгі берді. Зираттардың кіре берісін қардан тазалап жүріп, Салауат бұл түннің ауылға оңай тимесін анық сезді.
Еңселі кесенелер мен үлкенді-кішілі молалардың арасында Ұжбан қарттың ғана жатқан жері жалғыз төмпешік болып жатыр. Қанша киелі болса да, мына тұрған мазарлардан гөрі, Салауатқа әкенің орны биігірек көрінетін.
Салауат алғаш рет аңғалдығы үшін ұялды. Әке рухының алдында өзін аласарып қалғандай сезінді. Отызға ілінер шағында, тірі ауыл мен өлілердің ортасында өзін ешкімге пайдасы тиіп көрмеген, босбелбеу санады.
Кейде өмірде әр тіршілік иесінің өз болмысынан шаршайтын, тың өзгерісті қалайтын кезі болатын тәрізді. Бұндай санадағы сілкіністі сезінбесе бүршіктер - жапыраққа, бақалшақтар - інжуге, жұлдызқұрттар - көбелекке айналмайтын шығар?! Олар да "бір қалыпта" бола беруден қажып, жаңашылдыққа ұмтылатын шығар. Шын шыдап, рухын қайраса бұндай кемелдену адамның да болмысын өзгертеді. Біздің өзгеріс - ұрықтан шаранаға, сәбиден - балаға, баладан - адамға айналудан ғана ғана тұрмайды. Ағзаның есеюінен бөлек, жанның түлейтін, сананың сатысы биіктейтін кез болады. Салауат бітім-болмысына кіріп алып отырған "бейшаралықты" қуып шығарғысы келді. Дернәсілдей дәрменсіз күйінен, жаңа деңгейге шыққысы келді. Бұрын бір ерлік жасағысы келсе, "бәрін тастап" қалаға кетуді ойлап тұратын. Қазір, одан да салмақты дүние тындырмаса, бойындағы бұла күш бұны жығып тынатын секілді. Жынынан айырылған бақсыдай боп екі "ауылдың" арасында әлі тұр. "Ата-баба аруағына сыйынған ауылдың сиқы мынау" деп ойлап тұрды да, толарсағына жетіп жауған қарды кешіп зираттың ішінен медет сұрағандай сандала жүгірді:
- Қайда, желеп-жебейтіндерің?! Қайда қолдап-қорғайтындарың?! Мына ауылдың несібесін жеген жемқорлар неге қақалып қалмайды тілегіміз қабыл болса? Бес күндік өмірін неге берекелі өткізе алмайды бұл сорлы халық? Мазардың өзіне адам келсе шырақ жағылады. Неге тірі адамдардың үйінде шам жағылмайды?
Аруаққа тіл тигізбей өскен Салауат, алғаш рет көкірегіндегі ащы зарын ақтарып салды. Тірілер түсінбейтіндей көрінген запыран ойларды, қу мазарлар қоштап тұрғандай. "Жаны барлар қарекет қылмаса, сүйегі қураған біздерден не сұрайсың?! " дегендей мөлейіп, шарасыздықпен қарайды.
Салауат тамағындағы өксікті, қинала жұтып жіберді де қайтадан ауылға қарады. Ошағы жоқ ауылды осы боранды түннен аман алып қалуды ойлады.
"Қазына!" - деді, кенет өзінен өзі айғайлап. Ұйытқи соққан қарлы жел оның даусын алысқа алып кетті.
Зираттан шыға салып, үйіне бет алды. Түсінде әкесі айтқан "қазынаны" алуға бара жатқан беті. Ұжбан қарттың айтқан сөзін жете түсінбепті. Салауат әкесі қалдырған балауыз шырақтар мен жермаймен жағатын қолшамдардың бәрін молаға қарай тасыды. Аязды желмен алысып жүріп, молалардың ішіне от жағатын орын дайындады. Әдейі тез жылитын, төбесі жабық, кішкентай молалардың ішіне отын тасып, от тұтатып қойды. Қас қараямын дегенше жиырма шақты моланың іші маздап, жылы ұядай жайланып шыға келді.
Салауат сол кеште барлық ауылдастарының есігін қағып, жылы орынға көшуге шақырды. Екі кештің ортасында "зиратқа сүйреген" Салауаттың суыт жүрісін түсінбей қалғандар да болды. Бүгінгі ауа-райының оңай болмайтынын, отсыз үйде отыра бермей, жылы жерге жүрулерін өтініп, балаларын тонға орап, шанаға салып ауылды зиратқа көшіруге көмектесті.
Сол түні тірілер өлілердің үйін паналады. Соншалықты қапырық болмаса да, шағын молалардың іші құрқылтайдың ұясындай жылып қалыпты. Әр молада екі-үш отбасы бас қосып, көрпе-киіздерін төсеп таң атқанша осында бола тұруды жөн көрді. Салауатқа сенбей келгендердің арасында бойы жылып, алғысын жаудырып жатқандар да аз емес. Үкіметке сеніп ошағын бұзып, құдайына сеніп молаға түней салатын аңқылдақ ағайынның өзіне тым жақын екенін Салауат сонда сезінді. Ғаламат ерлік жасамаса да, дірдек қақтырып дедектеткен аязда, бас сауғалар пана тауып бергеніне қуанды. Салауат таң қылаң бергенше сөніп қалмасын деп, әр моланың отын көсеп, қолшамдарды алмастырып, тыным көрмеді.
Болжағанындай-ақ бұл түні қыстың қаһары ерекше болды. Таңға дейін ата-баба рухына сыйынып, жаратушыдан медет сұраған ауылды - шырақтардың оты емес, жүректердегі рухы жылытып тұрғандай көрінді. Ғасырға бергісіз осындау түні жаратушы мен жаратылғандардың арасында көзге көрінбейтін көркем байланыс орнаған шығар. Әлде, көптің тілегі қосылған жерде бір ғажайып болатыны рас па екен?! Алакеуім таң біліне бастағанда, төңіректі қар түгел басып қалған еді. Бұл өлкеде болатын ең қиын қыстың күні артта қалды. Ұйқылы-ояу балалар көздерін әзер ашып, айналасына қарап аң-таң болысты. Балалардың түк сезбестен жылы жерде ұйықтап шыққанына Салауаттың көңілі кәдімгідей көтеріліп қалды. "Ұжбан қарттың тұяғы, шырақшы десе, шырақшы екенсің. Екі дүниенің бақытын көр, шырағым!" деген тілектерді естіп еңселене түсті.
Бойын жеңілдетпекке, түзге шығуға ыңғайланған Салауаттың көзі еріксіз ауыл жаққа түсті. Омбы қардың арасында қалтадан түсіп қалған сақалардай шашылып жатқан ауыл үйлерінің терезесінен шырақ жанып тұр екен.
Түзге шыққан шаруасын ұмытқан бұл "Шам, шам жанды, жарық келді, жылу қосты ағайын" деп айқай салды. "Құдай біздің ауылды ұмытпаған екен, біз екен ғой құдайды ұмытқан..." - деп, жылап жіберді.
Махаева Айым Алтайқызы
09.12.2020