16.06.2022
  340


Автор: Махаева Айым

Жазушы

      «Енді жазбасам болмайды» деп ойлады ол. Кеудені кеміріп жатқан ойлардың бәрі бір жерді жарып шығу керек. Әйтпесе, жан дүниесі қысымға шыдай алар емес. Көзі ілінсе болды кейіпкерлері оған "бізді жарыққа шығар" деп жағадан алады. Өнімдірек жазу үшін түнді күтеді. Бірақ, күндіз тіршілікке жіпсіз байланған бой мен ой түн болса сағым қуалап жайына кетеді. Тағы да түн. Шығармашылық ізденіс үшін қолайлы уақыт. Өзіңмен оқшау қалуға берілген оңаша мезгіл. Әскерде өз-өзіне қол салған жігіт жайлы повесть жазып жатқан. Ноутбугын ашып алдыңғы аптада жазғандарын оқып шықты. Тағы жазу керек. Көкірегі сайрап жатыр. Бірақ, өзі әскерге барып көрмеген. Журналистика факультетінде оқып жүріп, әскери кафедраны аяқтағаны болмаса, ол жақтағы өмірді басынын өткерген жоқ. Сондықтан, асыра сілтеп алудан қорықты. Екі аптадан соң әскерден досын күтіп алу керек. Досымен сөйлесіп, анық-қанығын білгеннен кейін барып жазуға кіріскенді құп көрді.


Оған дейін, кейіпкерінің махаббат оқиғасы туралы, ата-анасының тұрмысы жайлы жаза беруге болады. Бірақ, тап бүгін соның сәті түспейтін секілді. Шамасы келгенімен, шабыты келер емес. Балконға шығып таза ауа жұтып келейін десе, көрші үйдің адамдары шеккен шылымның иісіне тұншығып қалатынын ойлады. “Қызық…Адамдар неге таза ауа жұтатын жерге шығып, түтін сорып қайтады?” Ноутбукты сүлесоқ жаба салды да, төсегіне келіп жатты. Шаршап жүрген түгі жоқ. Сонда да ұйықтап кетті.


 


***


Тұрған бойда сағатқа қарауға батылы бармады. Ыбырсыған бөлме ішіне болмашы сәуле түсіп тұр. Кеш батып бара жатқан болу керек. Жаңа шығарма жазуға берілген тәңірдің тағы бір күні аспаннан алыстап барады. Көрпесін бүркеніп қайта жатты. Отбасы мен оқырманды қоя берші, адамның өз-өзіне пайдасыз болуынан сорақы не болуы мүмкін? Мына жарық әлемнен қашып жамылғының астында жатысы мынау. Аяқ жағындағы тор ішінде бір мақұлық шиқылдап жатыр. Бір көңілі түскенде жалғызсырамайын деп сатып алған тотықұстың шырылы. Иесі түнде үстінен шешкен жидені лақтыра салған еді. Жейдесі оңды-солды шашылған заттардың арасына қонбай, тура тотықұстың торының үстіне топ ете түскен екен. Онысы өзі қамаулы құсқа бүркемелеп жарықты да көрсетпей тұр.


Оған бостандық, қожайынына самғау керек. Біреуі қанаты болса да қалықтай алмайды. Адамдарға сайқымазақ болып, торда тұру үшін жаралған. Екіншісі қаламы болса да жаза алмайды. Не үшін екенін өзі де білмейді.


 


***


Жазушының ішінде ұлыған ойлармен жарысып, асқазаны да азан шақырып жатты. Ықылассыз орнынан тұрып, торға ілініп қалған жидесін киді.  Жуынып - шайынып, қант-шай алуға дүкенге беттеді.  Жан іштей жеміріліп жатса да,  тән адамға сатқындық жасамайды екен. Нәр іздеп,  тіршілік үшін күресіп,  өзін-өзі сақтауға ұмтылып, құлазып жатқан адамды орынан тұрғызды.  Кейде адамға,  жүрегі жасамаған жақсылықты асқазаны жасайтын кездер болады. Жазушы дүкен сөресінен өмір сүруге тәбетіңді ашатын тағамды таппады.  Жартылай фабрикат алып пісіріп жүруге де ерінді. Жалдамалы пәтерде дені дұрыс ыдыс та жоқ еді. Таңдайы қызыл шарап дәметіп тұрса да, қалтасы оның бұл қалауын кекетіп тұрғандай көрінді. Екі самса, нан мен май сатып алды да дүкеннен шықты.


Дүкеннен шыға берісте өзімен жасы шамалас бір қайыршы жігіт балағына жармасты. Үсті-бас лас демесең, алпамсадай азамат екен. 


«Бауылым, тылым. Бір тылым татып әпеш.» - деді сақаулана сөйлеп.


Жазушы іштей қаңғыбасты аяған да, жазғырған да жоқ. Өйткені, бұл жігіт әжептеуір білімі мен жұмысы бар ел қатарлы адам болған болуы мүмкін. Кейін, не бастығы, не досы, тіпті болмаса құшағында жатқан аяулы жары оған өмірлік соққы жасаған болар. Немесе ауылдағы ата-анасына бірдеңе дәлелдеймін деп қалаға келіп, қолындағы барынан айырылып, алаяқтарға жем болды ма. Тіпті болмаса, өзі қу дүние үшін жақындарымен жанжалдасып, жолы болмай қалғаннан кейін, ар азабына шыдамай  көше кезіп жүрген болар. Әйтеуір, ешкім себепсіз көше кезбейді. Бұл жігіттің де осы жүрісінен күнкөрістің емес, күйзелістің салдары көбірек байқады.


«- Тұр, бауырым. Еркек емессің ба? Жердегі не жатыс анау?»


Ол осы сөздерді ашуланып айтуды ойласа да, үнінен «мен сені түсінем» дегенге ұқсайтын өзімсінген жылылық білініп қалды.


«Менің осы қайыршыдан қай жерім артық?» деген сұмырай ой санасын сығалап үлгерді.


- Шылым сұрағаныңа қарағанда менің де қалтамның қалың емес екенін білесің, ия?! Демек, ақымақ емессің...


 


Мұның балағында бұралып жатқан жігіт, оның сөздерінен селк етсе де, масаң адам сияқты қиралаңдап тұрып болмады. Жазушы қолындағы  1000 теңгеден  артылған 400 теңгені жігітке ұстатып жатып:


- Өзім шылым шекпеймін, бір талы қанша тұратынын да білмейм. Қалтамда бары осы, жалынбай, жығылмай өзің барып сатып ал!


- “Бай бол, бар бол бауырым",- деді қаңғыбастың рөліндегі жігіт. Сөйтті де жазушының зілді көзқарасына шыдамай дүкенге кіріп кетті. Қиралаңдамай түзу кетті.


 


***


Үйге кеп, қара шайды сіміріп алды. Дастархан басындағы үгітілген нан қиқымдарын тотықұстың ыдысына салып келді.


Қозы қарынның шаруасы оңай шешілді.  Асқазаның кем-кетігін толтырды, енді кеуденің қаңыраған кеңістігін толтыруды айт.


 


***


Үй іші алакөлеңкеленіп бастаған. Үлкен қолсағат бейнесінде жасалған қабырғадағы сағат тілі бестен қырық бес минут кетті деп көрсетіп тұр. Телефондағы сағат алтыдан қырық бес кетті дейді. Жазушы қай сағаттың дұрыс екенін білген жоқ. Білсе де түземес еді. “Уақыт мені түзете  алған жоқ, мен уақытты қалай түзетемін”, -  деді өзіне өзі.


Телефонды ашып, жаңалықтарды бір шолып шықты. Сосын, пәтер иесінің аудиохабарламасын тыңдады. Енді бес күннен кейін пәтер ақысын төлеу керек екенін ескертіпті. Ертерек беріп тастаса тіпті жақсы болады дейді. Дүкенге кеткенде есікті бекітіп кетуді ұмытпа дегенді де айтты.


Бұл есік алдына шыққанда үйдің есігін кілттеп кетпейді. Ұры-қары бас сұқса да қолға іліге қоярлық дүние жоқ. Тек тотықұсты ғана алып кетулеріне болады. Көңілі жүдеу, қарны аш адамның жанында жабырқап жүргенше, жағдайы жақсы жаңа қожайынның қолына көшкені дұрыс. Бірақ, әдейілеп сатуға өзі оқталған емес. Зияны жоқ.


 


***


Пәтердің ақшасын тауып беру керек.


Ол телефонын ақтарып бір-екі номерге хабарласты. Бәрі байланыс аясынан тыс жерде. Бір докторсымаққа диссертация жазып берген. Тәп-тәуір қаламақыға келісіп еді. Жұмысты алғаннан кейін, аузын айға қаратып кетті. Телефон номері тіркелмеген. Университетіне барып та көрді. Ондай профессор жоқ болып шықты. Аты-жөнін де өтірік айтыпты. Сонымен, еңбек далаға кетті.


 


***


Ас үйі мен жатын бөлмесі бірігіп кеткен пәтер ішін кезіп біраз жүрді. Бүгін бірдеңе жазу керек деген ой мен пәтердің ақшасын тауып беру керек деген ой жегідей жеп барады. Өмір мен тіршіліктің, шығармашылық  пен шыдамның, даму мен тоқыраудың, ұмтылыс пен ұтылыстың, өнер мен жанбағыстың мәңгілік күресі бір бойында жүріп жатты.


 


***


 


Жазуға енді кіріскелі жатқанда телефоны безілдеп қоя берді. Шытынап кеткен экран бұған белгісіз номерді  көрсетіп тұр. Сұраулы жүзбен тұтқаны көтерді.


 


- “Алё, Нұрболат Нұртай деген сенсің бе? ” - деді егде тартқан ер адамның дауысы.


- Менмін, аға. Ассалаумағалейкум.


- Онда тыңда. Мен Жүрсінбай Тұрсынбаевич деген жазушы ағаң болам. Танып тұрған шығарсың?


- “Ия, ия”, - дей салды жігіт сөз естіп қалмайын деген оймен.


- Әңгіме былай, мен “Аманат” деген кітап жазып жатырмын. Енді, партияның аты болған соң түсініп тұрған шығарсың. Кезінде оқуға түсіріп, қызметке тұрғызған үлкен кісілер туралы естелік жазу керек болып тұр. Уақиғаны өзім айтып берем,  жетекшілігіммен жазып бере аласың ба?


Жігіт үнсіз тұрып қалды.


- Әй, атың Нұртай ма, Нұрболат па кімсің? Ақшасы қалай болады деп сұрай алмай тұрсың ба? Одан саспа. Билікке керек адаммын мен. Жақсы жазып берсең, қызмет, ақша жағы “не проблема”. Жазушылар одағына өте алмай жүр екенсің ғой? Оны да шешеміз.


- Жақсы, аға. Түсіндім. Шақырған жеріңізге, кел деген уақытыңызда барайын. Аха. Түсіндім… Сау болыңыз.


 


Екі жақ та тұтқаны бірдей қойды. Осылай айтуын айтса да құдай берген өнеріне қастандық жасағандай іші қанжылап тұрды. Әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кітап жазуға қалай келісім бергеніне өзі таң.


Жүрегі кеудесін соққыға жығып жатқандай қағысы жиілеп кетті. Қолдары қалтырап ноутбугын әрең қосты. Әскерде өз-өзіне қол салған жігіт туралы жазылып жатқан повесті де “Аманат” деп аталатын. Жүрегі дір ете қалды…


 


“Бәріміз құрып кеткір жүйенің құрбанымыз. Кешір…” Жігіт 100 бетке жуық документтің шетіндегі қызыл крестті басып, жауып тастады. Өкініштісі, “сақтау” деген батырманы басқан жоқ. Бұл оның “Аманатқа” жасаған алғашқы қиянаты еді.





Пікір жазу