Жас талапкерге бата
«Сырым батыр жас кезінде батасын алайын…деп Бөкен биге барыпты». Бұл ерлік, өнер, өмір жолына, ұзақ сапарға аттанар алдында әдейі барып тілейтін бата. Қошқарұлы Жәнібек жас кезінде Қаракерей Соқыр Абыздан бата сұрай барғанда ол кісі былай депті:
Белбеуің белдеуіңде байлаулы болсын,
Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын.
Есігің ашық болсын: Қабағың жазық болсын.
Сонда ағайының кетпес қасыңнан.
Жақыныңа бұрмай төрені түзу бер,
Сонда қаумалаған халық кетпес қасыңнан.
Мектеп табалдырығын аттаған балаға бата
Айналайын аттасым
Талантың судай қаптасын,
Дініңе сенсең, Мұхамбет демесін.
Тіліңе сенсең, Жиренше шешен демесін.
Атағың Абайдай болсын,
Абыройың Абылайдай болсын,
Жүректі болсаң, Қабанбай жебесін,
Білекті болсаң, Бөгенбай жебесін.
Наурызбайдай батыр бол,
Бауыржандай батыл бол,
Әділдікте Наршаруан қол берсін,
Хакімдікте Лұқпан өзі дем берсін.
Жалғыз болсаң, Алланы есіңе ал,
Жарлы болсаң, пайғамбарды есіңе ал.
Қалың елің халқыңды ұмытпа,
Ата жолы –салтыңды ұмытпа.
Аспанда Ғайса,Жерде Мәди Қырда Қыдыр
Суда Сүлеймен қолдасын!
Еш жамандық болмасын.
Азамат бол, арлы бол,
Қастарыңның алды бол,
Біліміңмен әділ бол!
Дос-жараның сүйсінсін,
Дұшпаның іштей күйінсін,
Басыңа бақыт құйылсын!
Дуалы ауыздың батасына жолық!
Әумин!