15.06.2022
  112


Автор: Сұраған Рахметұлы

ОРАЛУ

Мекен етіп мең түбін,
Табан астын.
Жалбыз бердім заманға
Жабағы астым.
Жамау-жамау бұлттарым
Батысқа үркіп,
Жаһанды аңсап жылады
Жалаңаш тін.
Сан қимылдың соңынан
Түтін шулап,
Жалқы Отырар жан кешті
Бүтін – Сунақ.
Ен түземдік бөрілер
Азуда өсті,
Жалмағанның басын жеп,
Бұтын сулап.
Таласында қазақтың
Таң тымықтап
Тамырына кір жиды
Тал шыбықтар.
Айдынсудың аңқасы
Кепкен жылы,
Соңғы білте сау қалды
Тамшыға ықтап.
Жер тырналап, жем іздеп,
Пісте күптеп,
Өң бетімді өзгерттім
Ішке бүктеп...
Кім қайтпады құстардың
Қу ізімен,
Кім не айтпады... біз жайлы
Түс көріп кеп?
Біреудегі шат-думан
Күшке еліктеп,
Тас кеміріп, тау кездік
Мыс кеміктеп.
Жарау шапқан күліктің
Ізінде өскен
Гүлден қайыр тіледік
Тістеніп кеп.
Содан бері қан арзан,
Сүмек бөлек,
Сүт сілемін тілеп ек
Құл өкпелеп...
Жүрек тұл боп араның
Ұясында
Бірін-бірі күндеді
Білек пен еп.
Осылайша суалған бір
Тұма ағып,
Көп күдіктің көк адыр
Жұрты қалып.
Ақырғы аққан жаспенен
Жуынамыз,
Жапырақтың шығынан
Жыртып алып...
Жаңа келген уақыттың
Кеші мейлі...
Кештеу келсе кемелің
Осы дейді.
Тұяғында жанымның
Жазуы бар
Қызыл табан құнаным
Есінейді...





Пікір жазу